Бүкіл әлем махаббаттан тұрады –
Таңғы шапақ – от боп жанған еріндер.
Бүкіл әлем мейірімнен тұрады –
Әжелердің әжім жүзін көріңдер.
Жаса десе дүниенің картасын
Көл орнына көз салар ем тұп-тұнық.
Алатау мен Балқан таудың ортасын
Бір тал шашпен жалғар едім мықты ғып.
Білеу-білеу қырларының орнына
Білегімнің сүгіретін салар ем.
Өрбіп жатқан өзендердің орнына
Қан-тамырдың сүгіретін салар ем.
Бүкіл әлем – мейірімнен тұрады,
Бүкіл дүние – махаббаттан тұрады!
Жуады ғой қатып қалған қайғыны
Жаңа туған бала күннің шуағы.
Көрсет десе ғұмырыңның бар сырын
Күн көзіне тосар едім күректі.
Жаса десе, жаса десе жер шарын
Сүгіретін салар едім жүректің!

1965