...Бұл бұтаны шалды талай ат арық,
Талай-талай тамырларда тасты қан.
Бір ғасырды қазып алсаң қопарып
Махамбеттің ізі шығар астынан.
Үзілген жол – түсіп қалған тұсаудай,
Қара қаудан – жалындай торы айғырдың.
Тас шоқылар – ер қасына ұсардай,
Батыр баба, қамшыңды сен қайда ілдің?!

Шектеп қойған кәрі құлақтай дала бұл,
Ерттеп қойған арғымақтай дала бұл.
Бір баспаса сағынады табаным,
Жылда жаңа бір ізімді саламын.
Мынау құмдар кімнен ғана қалмады,
Торы айғырға кімдер тақым салмады;
Күйшілік пен жыршылықтың қонғаны –
Махамбет пен Құрекеңнің әруағы.
Көк сүңгінің шаншылған бір жері бұл;
Көрінбейді бірақ одан тамған қан;
Кеудесіне біткен жырдың желігін
Айырбастап калдырыпты арманға...

Қазір мұнда той боп жатыр деседі,
Басыңызды көтерерсіз бүгін сіз?
Өзіңізді туған төбе кешегі
Жата ала ма дүбірсіз!

1965