Бетпақ дала...
Жалғыз шоқ гүл тұр дөңде,
Неткен ерлік жалғыз гүлдің өмірі!
Әлде тағдыр оны әдейі берген бе
Қарт даланың қалмасын деп көңілі.
Құм, құм бәрі; сезімің – құм, жігер – құм,
Тек жалғыз гүл. Аңызақ жел бетке ұрды.
Сол бір гүлді аяп... жылап жібердім
Көз жасты да күн ыстығы кептірді.
Құм ағысын қақ айырып екіге
Қызыл шоқ гүл тағдырымен тұр ойнап,
Бетпақ дала бедірейген бетіне
Ойнап шыққан қызыл қандай бір оймақ...

1965