Жер елжіреп, самал есті бір жібек –
Таң келеді, таң келеді үлбіреп
Әйелдердің ақ тамағы секілді.
Гүлдер жүрді жасыл жаға, ақ маңдай –
Жұпар иіс – алақаны мақпалдай
Сыйпайды кеп менің ашық бетімді.
Су сылқытып әлденені жұтады,
Селк еткізіп серіппелі бұтаны
Тиін-тамшы иығыма секірді.
Алыс тартып әкетер ме көз мені,
Көре алмаса осы таңнан өзгені
Бұл көз маған – көз болмайтын секілді...
1965