Ата-еке-ау, болдыңыз сіз неден кедей,
Өзекті қойыңызшы тегі өртемей;
ақ саттың қалт-құлт етіп,
адам емес
адамнан құлап түскен көлеңкедей.
Мұрынды барады әбден жарып қымыз,
қымыз ғажап, рас, танып тұрмыз.
Күн ыстық.
Қаңсыйсыз кеп.
Қалқып ішпей –
сатасыз, неден ғана тарықтыңыз?!
Дейді ол: «Келін – ғалым, балам – әкім»,
болса олай, кім әкеткен қанағатын.
Қымызын біреу ішті;
қалтасына
тиындар сыңсып түсіп бара жатыр.
Айтайын айтарымды (ақыр кетем),
мен сізді деп тұрғам жоқ: ақылды етем,
дәл қазір тиын түгіл,
мың сомың да
қымызды бір жұтқанға татыр ма екен!
Түсінем, сізді базар ақтайды ғой,
сондықтан кінәлауға батпайды да ой.
Аппақ қой сақалыңыз,
атажан-ау,
ешкімге ағын-адам сатпайды ғой?..

1965