Не керек хал сұрап,
сансырап, сансырап.
Менің әр мінімді
істікке шаншып
ап жаһанға көрсеттің.
Теріні терсек қып,
сен – соқтың,
мен – соқтым,
ақыры, жер соқтық.
Үр-ит соқ, үрит деп,
үритпен құрид деп,
салады ел айтақтап
бір итті бір итке.
Өсегі, жаласы
өртеуін қарашы!
Ағайын арасы
кетер деп жарасып,
қорқады-ау, шамасы?!

Кәнігі қалыбы,
айла-ісі кәнігі:
өз итін өзге итке
талатып таныды.
Бұ жұртқа бәрібір,
бәрібір, жарығым.
Сондықтан тұншығып
не керек?
Шын сырым,
қосыл, не қосылма:
Сен – ескі қырсығым,
мен – жаңа жыршымын,
бар пәле осында.

1983