Тал-түстікке шықты шырқап Ай үздік,
сен, сен болсаң көзіңмен құр тайғанап,
көкжиектен жүрсің әлі Ай қарап,
ей, бейшара тайыздық!

Қарға құсап түрткілейсің қоқырды, –
шикіл сары балапаннан сескеніп,
көрмей жүрсің:
қыран қашан өскелі,
ей, сормаңдай соқырлық!
Жоқтық жаншып тастаған-ау санаңды, –
тайраң қақтың тары тапсаң жарты қап,
көз алдыңда тау-қырман тұр жарқырап,
уайхай, шіркін надандық!

Табиғат та сырын көмген терең ғып –
күрсінгенін ести алмай түнгі айдың,
күй күтесің ызыңынан қурайдың,
қайран ғана кереңдік!

Алтын қырман –
ырыс деуге қия алмай,
аспандағы Ай –
күміс деуге қия алмай,
қыран ісін –
ірі іс деуге қия алмай,
күйдің үні –
жайлы үн деуге қия алмай,
айдын үні –
қайғым деуге қия алмай:
«надан, керең, саяз» деген көп сынға
өп-өтірік төзіп жүрген жоқсың ба,
ұялмай?!

1983