– Өзің айтшы, мына құсың, астана,
сауысқан ба,
қарға ма, әлде басқа ма:
түгі түскен қанатының қауырсыны жүр
шығып, –
жаным менің кетті содан түршігіп.
Шаш бітетін заман ғой бұл қасқаға,
заман ғой бұл түк бітетін тасқа да –
не көрінді мына құсқа?
Масқара:
лашын-бүркіт көбелекше ұшып көп,
арыстан жүр қаншық-итше күшіктеп.
Ал, түлкілер арқасында айланың
барыстарды бақайынан байлады.
Өлексе-жем салды біреу қыранға,
ұят шығар қырандар аш қалды деу.
Есегіне ер қондырды ел,
ал, біреу
Сайгүлікті етке өткізіп тұр анда...
– Ар біткенін қашан көрдің айғайға,
қашан көрдің ой біткенін ойбайға!
Талантына күмәндана бастасаң,
бұлбұлдар да салады ғой басқаша ән.
Торда отырған барыстарға мезгілдің
кеңдігінен не пайда бар?!
Сөз ғылдың
өнбес істі, төгемін деп тегін ой,
арыстанға – арыстан деп қараса,
барыстармен алысқан деп қараса –
жалы содан күдірейер еді ғой?!
Бөлек-бөлек тор болғанмен
әрине, бір жағдай жасалған ғой бәріне.
Жетіп жатыр есекте де, шүкір, күш,
түлкі-айламен түлкі де көп бітірді іс.
Түгі түссе қыран қанаттарының
қауырсыны – қанат емес, сыпырғыш;
баса алмаса азуын,
О, бәрібір
арыстанның аузы да бір түкіргіш.
Бап болмаса сайгүлікке бақ қайда,
еріккенше атақ үшін ат байлап,
бағымы арзан баспақтарын бақпай ма!
– Арыстанның торы дейді тор мына,
барыстардың торы дейді тор мына
қалмаған ғой сол атақтан басқа түк?!
Сол торлардың бәрін бұзып тастатып,
инкубатор салу керек орнына!
1983