Әркімнің бар күйге арнар бір-бір кеші,
Бас – киіз үй,
құлақ қып тұрды іргесін:
күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші,
жел ғылып қуанышымды елге жай да,
қасіретімді ешкімге білдірмеші –
күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші!
Ақ шыңыма қоңыр бұлт жаңа асылды,
қоңыр кешке қоңыр бұлт жарасымды.
Саусақтарым пернені жатыр сорып,
шырын сорған гүлдерден ара сынды.
Өтті, кетті Күн күлген манағы сәт,
ақ шыңыма бұлт қонды жала құсап.
Әр пернеге қадалды саусақтарым,
гүлге дір-дір қадалған ара құсап.
Бір қылығым әйтеуір ұнамаған,
әйтеуір бір сып-бес жан мына маған
жала жапты, –
сен түсін көңіл құлқын –
сол ғой әппақ шыңдағы қоңыр бұлтым.
Далам ашық, жан едім, тауым анық,
сол тауымды қоңыр бұлт тауып алып
ауық-ауық қонады,
көлеңкесі
қабағыма түседі ауық-ауық.
Жала екенін сезеді жау да осының,
баяғы сол пәнденін әуресі бұл.
Пәнделікке бармайды көңілім көп,
мен емес-ау,
күн кешті ел мені күндеп.
Шын халіңді түсінер қайда ағайын,
сен болмасаң, домбырам, айналайын!
Саған айтам сондықтан сырымды бар.
қалған жұрттың көбі қу-жырындылар.
Ымырт та – мұң,
ой да – мұң,
екеуінің
сенің үнің, тым құрса, бірін қуар.
Күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші,
Бас – киіз үй,
құлақ қып түрді іргесін.
Қуанышымды жел ғылып елге жайшы,
қасіретімді ешкімге білдірмеші.
Р. S.
Ескі үндер жарамайды,
жарамайды, ал
мен ашсам жаңа дыбыс, жаңа майдан:
Романенко жасаған домбырам бар,
қақпағын жонып еді ол қарағайдан.
Сайрап тұр сол қақпағы – кепті білем,
саламын он саусақпен тепкіні мен.
Шертіп қалсаң – бір ащы үн ыршиды,
ішегіне шыбын қонса – ыңырсиды.
Шыбын емес,
бір бұлбұл қонды мана,
бұлбұл қонды кеуделі домбырама.
Құлағы домбырамның бір бұралды:
сайрайды-ау мың бұралтып бұлбұл әлгі?!
Осы оймен домбырамды қолға алып ем,
тағы да,
тағы да бір толғанып ем,
келмеді күйім менің:
бұлбұл, десті ел,
ымыртта сайрамайды, қонғанымен...
1983