Шешелері сүйреп кеп доғарған, әне,
сәбилердің аулада тұр арбалары,
Жайған кірлер жіптегі шұбарланады.
Бес күн күткен күнің бұл,
бейнетқор қауым,
ұйқың қанбағанымен;
құмар қанады:
шірене бір керілсең жұмсақ төсекте,
семьяда құнтсыз боп тұрсақ есепте –
жалқау деген сөз үшін кім арланады?!
Шеге қағып бір көрші қабырғадағы,
естіледі сөйлеген-дабырлағаны.
Жілік шауып жатыр ма төбедегілер,
ұзын баулы люстра сәл ырғалады.
Үй-жанымыз көбірек,
балалау бәрі,
балалар шулап жүр кезіп даланы – ауланы.
Сыпырғыштың естілед сырылдағаны,
дымқыл шаңның иісі мұрын қабады.
Жайған кірге, сыпырма, шаң жұғады деп,
мыс табақ боп бір дауыс даңғырады кеп.
Жалқау деген мені осы бір атақ тұр шығып,
жалқау десе – дей берсін,
рахат тіршілік!
Қазір қарғып тұрамын,
талай шаруаны
тындырамын деген ой қалайша алдады:
көзім ілініп кетіпті;
ана жақта әндетіп
сәлемін саптап қонақ боп келе жатты әлдекім.
Пиғылға қиқым түсті жай жұрт аңдамайтұғын,
«қонақ кеп қалды» дейтін бір
сылтау бар әйтеуір!..
1983