Жапырағыңды аралап жел судырап аққанға
сыбдырым бар екені деп әжептәуір боп қалма.
Жел болмаса сен қалай сыбдырайсың?
Сол үшін
ағаш етіп атты ғой сені Құдай атқанда.
Терістіктен бір ызғар-ызың келе жатқанда,
хақ бұйрығы – қыраулы күзің келе жатқанда,
бір-ақ маусым көктейтін жапырағыңа мақтанба.
Аспан ашық,
тұрғанда қара жердің халқы аман,
қалтырап кеп қорқасың кәрі-топас балтадан.
Тірлігіңді сенің бар – жел биледі би ғылып,
бұлт алдында – боздадың,
өрт алдында – ұйлығып.
Тамырымда, ал, менің қан ағады зырқырап,
сенің тамырларыңда су ағады жылтырақ.
Дауыл тұрса діңімді мен де қалам сенше иіп,
жел соқпаса – сенде үн жоқ,
неғып тұрсың мелшиіп?!
Сілейгенді сен құсап оғаш дейді сондықтан,
сірескен кей жігітті ағаш дейді сондықтан.
Маған барлық маусымның бәрі тірлік-қарбалас,
қарбаласта жаныма үміт – талшық, арман – ас.
Маған керек көңіл-күй,
Саған шуақ, су керек,–
кабель-тамырларыңды нәр іздейсің сүйрелеп.
Мен де ұмтылам жарыққа,
бірақ сенен басқарақ:
сенің бұта, бүрің – аш,
менің жаным ашқарақ.
Жазда жасыл жапырағың сыбдырап сыр толғайды,
күзде – сары,
ал, қыста сарысы да қалмайды.
Есесіне, әр жапырақ,
әр бұтағың шайқап ән,
көктемеде келесі шайқаласың қайтадан.
Көктемеде мені де гүлше баптап күтті елім:
маған қайта көктеу жоқ,
бір қурасам – біткенім.
Бұлданба, ағаш, қалпына келеді деп бояуым,
ерегіссем мен сені шауып ала қоямын!
– Табиғатты өзіңе қарсы ғып не керегі?
– Мені маған себебі қарсы қойып келеді.
1983