Ілкі жоспар – күшті еді,
жоспар күшті қашан да.
Піліме жол түспеді,
пешкілерім, бас алға! 

«Жаяулар» кеп қамады,
атты «Г» ғып бұрған ем:
ферзім өліп барады,
бір-ақ аттап тұр король.

Не шара бар, не шара:
іші – қарам,
тысы – адал
неткен тірлік, бейшара
бірін-бірі тұсаған!

Ұмтылғанның – бәрі өлді,
жығылды «жау» орына.
Әлсіздігі корольдің
әлгілердің соры да.

Қарсыласым – ер кісі,
бағы басып тұр тағы:
жалаң қылыш-ферзісі
оңды-солды қырқады.

Күш қалмады ырымға, ал:
жасы да өлді,
кәрі өлді.
күллі әскері қырылған
қайғы басты корольді.

Тақым артар жоқ бірі –
кермедегі ат кергіп тұр.
Айла-амалдың көптігі
Жеп қойыпты ерлікті!

Ерлік жоқта, айла-амал
қалады екен пайдадан.
Гамбит деген әлгі итің
мені жіпсіз байлаған.

Даусың жетпес – шыңғырсаң
баста бекер көнбедік,
көнбеген соң,
тым құрса
бір шайқасып өлмедік...

1983