Нөсер түгіл, тамшы жоқ;
келмеген соң күй іздеп,
Ішегін ілдім домбыраның – саусақ қапты мүйіз боп.
Домбыра – ағаш болыпты,
екі ішегі түк үнсіз –
мынау неткен аспап еді осыншама шығымсыз!
Ес, ес, самал, тым құрыса, жас бұталар, қақтығыс,
Жерден қазсаң да, Алатау, селт еткізер тап дыбыс!
Тосын дыбыс іздедім арқасында тоқтықтың –
қарап жатқан сайдағы қара тасқа соқтықтым.
Шашырар деп тамшы күй,
қармап алып қар гүлін,
ала бурыл тасқынға айқай салып қарғыдым.
Дала кездім далақтап,
тамыр тарттым,
тау бастым,
әйнек қақтым мезгілсіз,
әлдекіммен дауластым.
Жүрегімді айналып өтті қайғы, күлкім де –
бұтаны айналып барады самал жел де бүлкілдеп.
Азап шекті-ау жаным бір,
жолында ескі-жаңа үннің –
сөз сөйлесем – ұрыстым,
перне бассам – жаңылдым.
Орман отыр орнында,
қозғалады жапырақ –
жел есетін секілді – бірақ үнсіз атырап.
Әрең жетті өзіме өз дауысым, ақымақ,
сөгіледі-ау деп едім таудың қары қақырап,
тасты ұрып ем, ұшпады үркек-ұшқын шатынап,
ойға кеттім мен сонда жер бауырлап жатып ап:
Сәтсіздік пе ең сен тағы?
Сенің соққы-тепкіңнен
кез-келгенге қырсыққыш, қытымыр боп кеттім мен.
Жайсыздығы пәтердің түсті, міне, көзге анық:
ыдысымды төкті ұлым қолапайсыз қозғалып,
қолдың сырты – көк тамыр лыпып кетті кіл арық,
күйіп-пістім, бәр-неден бәле қазып шығарып.
Жаңа оралды жадыма.
әнеу күн бір түсімде
жүрдім ылғи сыңсыған орман-күйдің ішінде,
ат мінгендей үйірден асау күйді бір телі
ұстап шертпек едім мен:
кеудесіне құм толы
домбырам тіл қатпады, құлағы да бітіп қап,
батпақ кешкенге ұсадым бытық-бытық-бытықтап.
Саусағымның танауын не бір үндер қытықтап,
Менің халім-ді сезіп, әй, басынды-ау,
басынды ал:
Бірі тартып құлақтан,
бірі жұлып шашымнан –
қармайын деп біреуін ауыз сала беріп ем –
бәрі қашып құтылды тістің кетік-терінен.
Күй келмеді бүгін де,
күттім, күттім көп күттім,
келер, келер күй-досым,
өзі келер деп күттім.
Келмеген соң іздедім...
талғамай-ақ тартар ем – жаман күй де келмеді:
танушы едім мен нені,
түнде көшіп, жұртына
тастап кетті ме ел мені?!

Енді ешқашан ақ бұлақ жүгірместей алқынып,
көбіктің де көзіне қалған сын-ды шаң тұрып.
Қой, қой, бұлай сөйлеме, әне, ақша бұлт қалқыды,
бір балапан тағы, әне, ұшқалы отыр талпынып.
...Қуанасың, жүрегім, сәл-сәл тынық, сәл тынық!

1983