Әуелеп ұшқан алты қаз...
«Қыз Жібек»
1
Көл жағалай үкіленген кіл құрақ,
сол құрақтың арасымен сылдырап
көлге құйып жататұғын бір бұлақ.
Күннің алтын кірпіктері сөнгенде
су бетіне көлеңке боп көлбеңдеп,
Алты қаз кеп қонатұғын сол көлге;
Ұзын мойын бөтелкедей бүйірлі
алты қаз кеп қонған шақта
бұйығы
көлдің бей-жай бетін талай жиырды, –
Сарайлардың, әйнектеріне ұстаған
жібек пердеге ұсатып.
Көрмеп едік аң аулап, не құс атып,
жолаушы жұрт шошытатын мені кеп:
«мылтық болып, атып алар ма еді» деп.
Мылтығыңды не қылады қырдың аңқау; паң елі,
мал қоритын – маялыаяқтар ғана еді.
Қаздары да аңқау еді бір түрлі.
Түсінбейтін сескенуді, үркуді.
Әлденені сүңгіп тауып, түртіп жеп,
жүруші еді жемсаулары бүлкілдеп.
Шақырса егер күзде – байғыз,
жаз – қарға, ес көруші ек,
көкем ерек сүйсініп:
«Адал құс!» деп қарайтұғын қаздарға.
«Адал» деген сөзді біздер – еті емес,
көңілі адал, деп түсіндік, жаны адал.
Ол күндері көрмепті, рас, жан адам
қаздың етін не қазан,
не табадан –
аңқаулық та шамадан тыс, шамадан.
2
Су мен шағыл бір-біріне мінбелеп,
Күндіз – самал теңіз жақтан,
іргеден,
шағыл жақтан есетұғын түнде леп.
Жасырынса теңіз жалы жар асып,
құм тілі мен желдің тілі жаласып,
ызыңдайтын қурай, қияқ,
қарашы:
Гурьев пен Астраханның арасы
қос темір жол тартылды да бір күні,
үй салынды қорабындай шырпының.
Тек ойпаңда сулар сасып іркіліп,
су бетінде көгілдір май кілкіді.
Ырыздығын сүңгіп тауып, түртіп жеп
қаздар жүрді жемсаулары бүлкілдеп.
Айдала ғой: бөгде дыбыс аз-ды онда,
Шақыратын күзде – байғыз, жаз – қарға.
Қаршыға, Аққу аты ғана баяғы,
Дала деген сахнада баяғы
жататұғын аңыздармен ауысып,
жұмсақ қана сыбдыраушы ед қау іші, –
көмді бәрін паровоздар дауысы.
Шыны ыдыстар сыңғыр қағып,
поезд өткенде зіркілдеп,
тыныштықты дыбыс жатты жыртып жеп.
Ағарды ғой көйлектердің жағасы,
есесіне, қарашы, әне, қарашы:
ақ бұлақты ылай жапты,
дарынды ел баспен емес,
ойлап кетті қарынмен.
Жас ботасын поезд басып өлтіріп,
бұйда қиып боздап кетті қара інген.
Тұңғыш мәрте мылтық даусы естілді –
жаңғырық қып көл көтерді кешкі үнді:
Жалғыз қаздың қауырсыны жалғанды
жауып кетті,
Төлегені өлгенмен
ұлы жырдың алты қазы қалған-ды.
әлденені жасырғандай болды дала көлгіртіп –
бес қаз келіп қонды сол күн көлге үркіп.
Тағы бір күн мылтық даусы естілді,
мылтық ол күн шошытпады ешкімді.
Түтін тұрды көлдің жүзін көлгіртіп,
енді көлге төрт қаз келіп қонды үркіп.
Рюкзакті кісілердің түр-түрі
келіп жатты,
ауада шаң кілкіді,
қыпың қақты көк құрақтың кірпігі –
мылтық даусы шықты тағы бір күні.
Біреулер жүр құмға жаңа бет пішіп,
әр бұтаға көз жасы боп жетті шық;
бөбектерің көкірегіңді тепті шын,
көл кеудесі сен күрсінген жоқпысың?
Жер де өзгерді кенеп құсап бір түрлі:
Бір қаңқ етіп ымырт шақта сиқырлы,
Қос қоңыр қаз әлдеқайда кетті ұшып.
Содан қайтып көрінбеді қаз маңнан,
қаз кеткелі көлі де азған, базданған,
Есесіне поездар көп тоқтайды,
бүгін ол маң қала болды көпке әйгі.
Есесіне кірді құмға шам алып
жаңалықтар, жаңалықтар,
жаңалық
телеграф бағаны боп аттап-аттап кірді аңдып,
кірді ырыс-жылдамдық,
кірді жүріс-жылдамдық.
Қара ісекті жеді қарттар құрбан ғып,
Жүруші едік деді қарттар сан апта,
алты күндік жолыңды алты сағатта
алады екен жүйрік поезд!
Қалды атың,
жүгенді қой, билет сатып ал, қатын,
жақын енді Гурьевің, Алматың!
3
Құтты болсын қырдың елі, ұлы іргең,
іргең үшін құттықтаймын бүгін мен.
Ірге орныққан сайын зат көп, жүріс көп,
ақша санап,
қоржын ұстап шұбырды ел.
Тұрмыс келді құмға жықпыл-жықпылмен,
газын, суын сүйрей келді құбырмен.
Сумаң қағып болат жолдар түсті алға.
Селеу, қияқ,
ебелектер ысталған, –
мыс балқытып құйған сын-ды шөптерге,
Бұлақ көзін басып қалған шпалдар.
Ұстара ғой сәби табиғат үшін,
Цивилизацияны байқап ұстаңдар!
Қаздар даусы,
қамысты көл,
Бұлағы
көрген көздің ғана алдында тұрады.
Көрмегендер нені жоқтар, нені іздеп,
құрар бәрін шаруасына негіздеп.
Шаруаға Қанішкеннің басы аса
қолайлы жер бір тиыннан екі тиын жасаса.
Тиын деген – мүлік түсті бір түрлі,
алақанға күліп түсті бір түрлі.
Ауыл еді жайрап жатар жарықтық,
есігіне құлып түсті бір түрлі.
Ағайындас кәсіп екен сауда, ұрлық,
ұрылармен, саудагермен дау құрдық.
Сиыр сауған қырдың әйелдеріне
цистерналап сыра, квас саудырдық.
Қайыр айтты:
Мұны көптен күтіп ек,
шүкір ет, деп жантайды қарт,
шүкір ет.
Әжелер де мәз боп қалды,
шілдеде
ірімейді консервінің сүті деп.
Ескіліктен – арба қалды бұ маңда,
қойдың өзі зорға қалды бұ маңда,
Қашып кетті құстың-дағы «адалы»,
байғыздар мен қарға қалды бұ маңда.
Көлім талай май-мұнайдан аршылар,
ауылымның әлі талай бұлақтары бар шығар.
Бірақ тірі тоғай қалай қаңсыған?
Бұлбұл, әнді таста, айнал жаршыға,
Сендер де ойлан, қыран, аққу,
қаршыға!
Сен туралы ойламаймын мен ағат,
о, қанағат,
Уақыт, саған қанағат!
Тек қала алман айтарымды іркіп мен,
жанарымды жасыра алман кірпікпен.
Кел, кел, жүйрік самолеттер,
поездер,
Кел, жылдамдық!
Тек... құсымды үркітпе.
1983