Ауған жақта беймезгілдеу ұшты ма оқ –
көргенім жоқ,
естігенім тек үні.
Содан мықтап жараланды көңілім,
бір қабырғам болды содан жарадар,
қансырадым жарадарға бара-бар –
әптек қайда дәрі алар?
Мылтықсыз да менің дертім... күштірек:
әлденендей улы шаншу іш тіреп
бір бүйірім бүгілдірмей қалды, әне,
соның бәрі адам жайлы үміттердің алдауы.
Бүгін – бүгін,
күнді ойласаң алдағы
жанға – маза,
ойға дауа болмады.

Адам – адам аталғалы, қанша жол
орман, тауды қырқып-қашап салса да ол,
соғыс деген қасіреттен, қырсықтан
сала алмап па құтылатын жолды әлі?
Орман – орман,
таулардың да тауы бар,
жер ыңғайы әр қалай-ау, дауы бар,
бет-жүзіңде өтірігі жылтырап
соғыспаса сүйектері сырқырап,
адамдар бар ауырар!
Бейбіт қала шатырларын Күн сүйді,
қала үстімен тырна-тізбек жиі өтті.
Бірақ анау көкжиекте – жиекте
мылтықтардың қара орманы сыңсиды.
Алғы күнге мойнын созып әдетте
қараушы еді арманшылдар, әрі ойлы.
Көкжиектен әрі қарай кей елде
мойнын созып зеңбіректер қарайды.

Ливан жақта беймезгілдеу ұшты ма оқ,
расында, оқтың бәрі беймезгіл –
Батырлардың қаһарынан
ажал сын-ды ылғи ерте келеді.
кейде ездің
бықсық сөзі қауіптірек деп еді –
рас сөз-ау;
бұлар да
халықаралық өсек айтып мың арба
бір қайқаңға шығарда
ат-қамыты қырық жерден үзіліп,
біз – күліп ек,
Сіз – ұлып.
«Ұрғызатын – сұрлығы емес қасқырдың,
ұрлығы ғой» деуші еді әсте қарт анам.
Жауды танып үйренгенбіз картадан,
достарды тек – партадан.

Жалын мен шаң араласып қағынып,
бомба жарылды анау жақта тағы ұлып.
Соғыс көрген емеспін мен,
тек үнін естіп едім,
содан алаң көңілім;
көкірегім көп дыбыстан жарадар,
жауынгердің шинеліне бара-бар
жаным менің шұрқ-тесік.
Жымысқы
сөздердің де бірі – суық,
бірі – ыссы,
тоқтатыңдар ыстық сөзді – ұрысты,
ұстап байла ұрыс деген дыбысты!
Сүлейменнің жынды қамағаны сын-ды, сен енді,
құмыраға қама «соғыс» дегенді.
«Соғыс» деген қара жынның үні өшсін,
тұқымын – тұз,
түтінін жел үлессін.
Ал, бүгін ше? Дыбыс, дыбыс долырған
Дыбыс ұрса, жел ұрған
жапырақ боп дір еттім.
Менде арман бар, жоқ-жоқ бірақ тіл епті,
бар-бар менде, құлағы бар жүректің!

1983