Ол жамандап біреуді,
мен мадақтап,
айдалаға кетіппіз қаңғалақтап.
Біздің сөзден ешкімнің міні құрап
жатқан жоқ қой –
сөз деме мұны бірақ.
Ол бал ішті,
бал ішті, өй, намысшыл,
менің ішке-нім бірақ тұнығырақ.
Екеуіміз де көп іштік,
сен көп іштің,
мен – көп іштім,
көп ішсем көнбегішпін.
Ұмыт еттік ұятты, әрі асты ұмыт,
сап, сап, достым, болдық қой талас құрып.
Жарасайық қайтадан өзді-өзіміз,
кім бар деп ең жіберер жарастырып?!
Елдікті аңсап ел кезген Асан қайғы,
сөйлемеді біз құсап кергіп неге:
ерлік керек дейсің ғой,
ерлік деген
дастарханның басында жасалмайды!
Дастарханның ерлігі – қанып тою,
ерлік үшін ерлік қып алып қою.
Кім таласса:
біреуі – ит,
бірі – мысық,
ит, мысық боп қайтеміз қырылысып?!
Күйін ішіп Сүгірдің сен қызыпсың,
мен мас болдым Қасымның жырын ішіп!

1983