Ас үй – ортақ,
бір көсеуді көсесіп
тұрдық-ау біз – қос семья – қос есік.
Мен – іні едім,
көршім – аға, о да ақын,
мендей емес, ақшаны көп табатын.
Төрт баласы болатұғын көршінің,
біздің үйдің үш баласы болатын.
Жеті бала бір мезгілде жыласа –
жақсы «концерт» емес еді бұл аса,
Спектакль қызу бастал-атын еді,
кейде осы
біздің екі үй – екі әйел боп сөйлесе:
қайыру бермей желдеп кетер ешкідей
ұмтылысқан кей сәттері тек алға
бірін-бірі естімей,
не ұғыспай қалатын кей сәттері,
кейде апасы,
кейде келін әпкені
топан-сөзді топтап ұра бастаса,
о, ондайда жан қалмайды қашпаса!

Біздің қала о жылы да бай еді,
көшелері кең болатын керемет.
Лондон айтқан:
«дүниенің кеңшілігі не керек
тарлық етсе ас үйі мен әйелі?!»
Ырғақтары ауыр тартып, сіресіп,
еркін-еркін жазылмайды жыр есіл:
өз ізіңді өзің аңдып жүресің,
өз үйіңе өзің байқап кіресің.
Иі түсер еркін өскен жанның да,
тағы-тағы бар мағна-мән мұнда:
өз үйім деп кіріп келсең емпілдеп,
бөтен еркек тұрад кейде алдыңда,
бөтен әйел тұрад кейде алдыңда.
Әрі өз үйің,
әрі бөтен үй сын-ды,
көңілім талай бөтендікті түйсінді.
Басатынбыз биші құсап байпаңдап,
ақырын күл,
айтарыңды айт аңдап –
дегендей ек.
Балалар тым тәртіпті, әрі күтімді,
жаутаңдайтын олар да
еркелеуге бата алмайтын сықылды.
Түсін мейлің, түсінбесең – өзің біл,
біз де о кезде бала едік-ау, досым-ай,
көршімнің де маған ұсап осылай
күн кешкенін кейінірек сезіндім.

Жылдар өтті.
Жеке ас үйді қиял ғып
Жүріп-жүріп, біз де жеке үй алдық.
Кабинет бар,
Қасым-жырға жақындадым бір адым:
өлеңді енді еркін ұйқас-тырамын.
Жетіледі екен ептеп жарлың да;
тулап туып жатқанымен жыр есіл,
өз үйіңе әлі байқап кіресің –
бөтен біреу тұратындай алдыңда.

1983