Алатауды, шіркін-ай, маған берсе деп ақын
Мұқағали бір күні арман айтқан болатын.
– Қайтер едің? – деп бір жас күліп еді таңдана,
– Екіншілей мұндайды сұрамайтын бол, бала! –
ақын әлгі жігітке жалт қарады долдана.
Шағын басқа шықшыты шыққандай ед бір тұмақ,
сол шықшыты қызарды;
желке шашы бұрқырап:
– Осыларды, Құдай-ау, біздің сорлы өлеңге –
не айтарға білмедік, – кім әкелген дегенде.
Әлгі жігіт әркімге жалтаң қақты жасып құр,
басын изеп тезірек қоштасуға асықты.
Қаңқ етіп бір күлді ақын қайтқан қаздай көліне,
кеткеніне әлгінің көңілденді ол іле.
Сонда екінші бір жігіт жасқаншақтау тіл қатты:
– Мұқа, – деді, –
жас жанға айттыңыз-ау тым қатты,
өзіміз де жаспыз ғой – жарастықтар қанша алда,
жарайтын ед жасытпай жауап айта салсаң да,
түбі ұғар ед өзі де, болса ойында сәуле егер...
– Жо-жоқ, ақын емес ол,
пайда қуған саудагер,
саудагердің ақынмен арақ ішу қай теңі?
сұлулықты сүйгендер, өзің айтшы, қайтеді?!
– Ал, Алатау – сенікі,
осы сәттен бастап ал,
маған қалсын асхана,
аспаным мен астанам.
– Әй, қусыңдар, қусыңдар, жершілдік жоқ пейлімде,
жартысындай жалғанның жарықтықты жайып сап,
жуып-жуып түнімен таңға жуық айықсақ –
алған затым осы деп мақтанайын деймін де.
Азаматтың пиғылы айқын еді әу баста-ақ,
қолтығына көтеріп қойып сөйлер тауды асқақ.

Таулар үшін де емес, жұрт сөздер үшін дауласпақ:
«болды, толды» деп атап, белдескендей «бәлемен»
«мен», «менікі» дегеннің өзін қимай әлек ел.
Мақатаевтың сол күні шабыт қуған беті еді,
Әйтпесе ақын қарт тауды – қайнына алып кете ме!
Жай сауалдың жанына жанып тиген себебі:
оянып ед ойында көптен күткен өлеңі –
соны бөгеді әлгі сөз – қастас қалам секілді,
доңғалақтың жолына тас тастаған секілді,
айдыны мен аспаны астаспаған секілді,
Пәс боп қалған көлкіген көңіл шіркін сәтте әлгі,
жыр шойрылып белінен қиралаңдап боп қалды.
«Қайтер едің?»
О, сауал, сауалдардың қырсығы,
Сауалдардың қырсығы – қырсықтырған жыршыны.
Егер сауал өнерді жеңіп жүрген шаршатып –
арыстаны әлемнің, сауалдарға қарсы атыл!
Қарсы атылған жыршылар арыстан боп Айға нақ,
құласа да құлаған жұлдыз болып тайғанап.
«Қайтер едің?» дегенді ұмыттырдық зорға әлгі,
ақын мықтап ширықты,
одан гөрі қорланды.
Төбелермен тұмсықсыз тірескісі келгенде,
көңіл шіркін лепіріп бір ескісі келгенде
Алатауға қарады ол.
Уа, түсінер, түсінер
арқа тұтып асқағын мақтана алар кісілер!
Биігімен таулардың,
Кеңдігімен даланың
Мақтанатын жігітке арналады бар әнім.
Алыс кетер – Алатау – жаңғырығы кешкі үннің,
ақырып кеп атылған арыстандай кескін бір...
«Қайтер едің?»
Сен, сауал, ескірдің-ау, ескірдің –
ақындікі Алатау,
ортағы жоқ ешкімнің!

1983