Күрең көйлек кигенің үшін сені
Күрең қыз деп соңына түсуші едім.
Құлағыңа шейін бір қызартып ап,
күрең қыз деп күлуші ек біз артынан.
Күлсең де жай – күрең боп кетуші едің,
енді ойласам – ақ екен бетің сенің.
Мектептегі тентектер – бізге еліктеп,
«Күрең апа» деуші еді екі інішегің.
Ұялшақ ең, япырай, момын ең сен,
момындықтан кетістің менімен сен.
Сен – қызарсаң,
Жұрт – күліп,
Әжептәуір
көтеріліп қалушы ед менің еңсем –
қаталдық қой;
Ол ұғым емес бүгін,
Қызды еске алу, әрине, о да ескі ұғым.
Ауыл барған сапарда сұрастырғам:
алып қашты бір жынды деп естідім.
Күрең көйлек – күрең жан екенсің ғой,
Өтті маған күрең түс бекер сіңбей.
Әлдекімді күреңіте, күле күтіп,
Қай жерде отыр екенсің күреңітіп?!
Момындардың көңілі – бос,
жаны да ашаң –
Налымасаң, неғылсын, налымасаң!
Қырсық-ұят баяғы, сор-намысың
жасап берген сол темір тордамысың?
Торға лайық жуастың күйі-шері,
тұтқын болуға әйтеуір тиіс едің –
соны ойласам – ас емес, ми ішемін:
Саған тастап шықты екен торын қай құс?
Күнің сенің не болды, момын байғұс?!
1981