Аттандырып ағамды,
айылын көріп атының,
«Жолың болсын!» – деп ылғи күбірлеуші ең ақырын.
Әулиедей жүзіңе тұнып сонда нұр-сипат,
Қалушы едің мұңайып ат сауырын бір сипап.
Тілек, ниет дегенге әлі күнге иланам:
«Жолы болып» ағамның келіп жүрді үйге аман.
Ниет, тілек дегенге әлі күнге тоқталам:
Жолы болу – үйге аман оралу ма деп қалам.

Ақ көйлекті киіп ап,
ақ самаурын қайнатып
Күттің,
Күттің кеткенше Ашақ асып Ай батып.
Жиналысы қиын-ды қызметінен кеңсенің,
ағам шаршап қайтатын ер үстінде теңселіп,
шаршап шатақ салатын:
«мә-мә, саған, мә, саған!»
Сонда да сен тілеуші ең «жар болсын деп,
жасаған!»
«Жасағаны жар болып» ұйықтап бір кез мас ағам,
Күзетуші ең кірпігін үнсіз қарап тасадан.
Сол қараған көзіңде мейірімді жеңсе мұң,
ерің емес тек қана ұлың да еді ол сенің.
Екінші ұлың – мен болдым;
түсті ақыры шашыңа ақ
бірі – жалқау,
бірі – есер, екі масыл асырап.
Бөріктіні бет тұтқан берік адам еді аса:
бала орнына күткенмен, жұмсамайтын балаша.
Бала едім мен жалында ойнап жүрген әр тайдың,
түсінгеннен сол жанды – аяймын деп қартайдым.
Серкелігі болғанмен;
Ерке емес-ті есі жоқ –
ағам да ұқты жеңгемді – әттең, әттең, кешірек!
Әттең, бала таппады;
бар адам деп былай да
бақ-ырыстан қақты, өстіп, – мүйіз шықты құдайға!
Тентек едім,
бүгінде менен момын жоқ кісі,
жуасытты сана мен сәтсіздіктер соққысы.
Әлі де бар көңілім қызу құмар, от құмар,
тұмсық көрсем шет жатқан –
шерте кеткім кеп тұрар.
Жуасыған ағам да тағдыр оқып ақ үкім:

«Жолың болсын?» – деп жеңгем сипап қалған
табытын.
Алыстағы соғыстан оралғанмен ол аман,
Оралмады, амал не, тиіп тұрған моладан.
Кім біледі, табиғат сыйлаған бір бақ шығар:
Қартаймаса жақсылық,
Қартайғанмен жақсылар.
Сертім үшін:
жарымнан мінез көрсем бір бөтен,
бөркім үшін:
жеңгемді қыздарыма үлгі етем.
Кейде өтеді көзінен мұң керуені,
ой легі,
Күннен өткен бұлт сын-ды,
бірақ, әлі ақ көйлегі.
Тәңірі – жалқы,
Жеңешем жалғыз қыстап, жал қыстап,
балаларын ұсынған ағайынды алғыстап:
«Бала деген – ит емес алатұғын асырап», –
«Жар бола гөр, жасаған!» – дейді сонсоң
нанды ұстап.
Балада ма бақыт тек?
Айта берсін жүз надан
он балалы үйдің де ошақ-оты мұздаған.
Бала көтермегені – соры болса жеңгемнің,
Мен – ағамның бақытын әлі күнге қызғанам!

1981