Омырауына қамыт батқан,
келеді ол
тер орнына бу атады денеден.
Қорлық, бейнет қазына болса – қазып ал!
Қасқа тағдыр сол маңдайға жазылар.
Ат иесі неғылады басқаны –
арбасында кірпіші бар, сазы бар,
жайбарақат.
Ат тындырса сонша ісін,
Үйірмегенде қайтеді қамшысын!

Шама жоқ-ау, сірә, бір үн қатпасқа! –
ауық-ауық пысқырады ат қасқа.
Майсыз ағаш арба келеді ойбай сап –
байбаламға шеберсің-ау, әй, найсап!
Ырсаң қағып аттың қабырғалары
Ол да сықырлайтын сын-ды болады –
Обал қайда?
Тағдырына обалы!
Тағдыр – ауыр,
Жұрттың онда ісі не:
аяуға – жоқ,
қызықтауға кісі көп,
Жылқы екенін білдірді ме тегінің,
ат бір кезде жіберді әнтек кісінеп.
Жалт қарасты сонда адамдар,
Обал, ә!
ескі арбаға ат жегуге бола ма
Мынау әсем машиналы қалада?!
Көп көңілде осындай ой жатты ұсақ,
ұсақ пиғыл ұсақ міндер тапқыш-ақ:
«Қарашы, әне, тезек тастап барады», –
деп кісінеп күлді біреу ат құсап.
Балалар мәз, балалар мәз, балалар
атқа еліктеп пысқырып жүр, әне, олар.
Ал ат байғұс тартады ауыр арбаны,
арба болып батады оған бәр-бәрі,
Қамыт болып батады оған бәрі-бәрі,
бұйым емес, мына ат үшін, қалғаны –
Міне, сізге тіршіліктің бар мәні.
Тарт, алыбым, арбаны алға!
Тарт, тарт алға, арықтардың қаңқасы!
Жылжыса алға ауырлықтың әр тасы
Иық қаққан қамыттардың арқасы,
Қамыт киген алыптардың арқасы!

1981