Жапырақтың сарысы, қызылдары
қызыл-сары дыбыс боп ызыңдады.
Ербеңдейді не біліп бұта басы? –
жұтамашы, табиғат, жұтамашы.
Кей ағаштың лыпасыз тұрғаны оғаш
жел өтінде тыртиып тыр-жалаңаш.
Неңді ұғынды, суық жел, неңді аяды?
Жақыны жоқ,
Жанашыр болмай әрі,
Өгей шеше үйінен қуып шыққан
Жетім қыздай кей ағаш сол баяғы.
Сұмырай көшіп жатыр ма, сұқсұр қонып –
Күлкі, әзіл де естілді сұп-сұр болып.
Әне, аспанның күн жатыр шетін ала –
шуақта отыр үш мысық, екі бала.
Ар жағында ұлы ызғар сезіліп тұр,
жылтырайтын дүниенің беті ғана.
Жапырақ жасыл кезінде білінбейтін
жүгіріп жүр бір бояу, бір үн бейпіл.
Тастың-дағы таныдым бүгін кейпін.
Құс еттенді терісі кәрі еменнің,
тізесінің дірілін және көрдім.
Біткен бе анау көмекей-құлқын құлы –
Көгерткен кім бұлақты қылқындырып?

1981