Шамасы жоқ
Тастайтұғын қар-мұзын да аунатып,
Жылжи алмай қалыпты, әне, тау қатып.
Әлемдегі мықтылықтар не түрлі
алыс, суық көрінуде секілді,
Пайдасы жоқ, сұсы ғана сырт биік
Көкшиеді мұз-қабағын күрт түйіп.
Қыпыңдайды көк кірпігі шыршаның,
тауға еліктеп қалыпты, әне, бұлт та ұйып.
Ұлысың, тау!
Ал, не болды?
Табаныңда тұрса да
Құм тағдыры – өз тағдырың бір сана.
Қабақ қатып, қар мен мұзды құрсана,
атағаны үшін жұрттың ұлы деп
нең бар еді ызбарланып мұншама!
Мына тұлғаң – аятар, не мұңайтар,
тастың тегі – топырақ деп кім айтар...
Уа, ұйып қал, бұлақ, бір сәт ұйып қал,
жаралғаныңды ұмыт сен де сұйықтан!
1981