Қос лашын самғап жүрді бір көкте,
Қос көлеңке құмда жүрді дірдектеп.
Екі тентек – екі батыр атанып,
Елде жүрді құдірет боп, құрмет боп.
Қарақшының қылышындай қайқиып,
Құм көгінде тұрды жалғыз ай туып.
Жер үстінде жүрді жүйткіп жалғыз сөз,
ай астында жалғыз аңыз айтылып.
Екі тентек шу ғып елді кезекпен,
жаяу-бұрқақ сөз жүгірді безектеп:
Мейірленсе – мақтады ел мәрттігін,
қайғыланса – қаталдығын сөз етті ел.
Кешкі бұта көлеңкесіндей тәлтектеп
Сол екі аңыз қалысыпты әнтек кеп –
Әлденеге келісе алмай екеуі
енді қайтып көріспеуге ант еткен.
Бір-біріне қайраттарын қыр ғылып,
қанжарымен бірін-бірі тұрды іліп.
Енді қайтып кездеспеуге ант етті,
ал кездессе – өлтіруге бір-бірін.
Нейлон-құмға екі жерден шоқ түсіп
қалды ойылып.
Құм самалы соқты ысып.
Екі бөлек түсті екі көлеңке,
екі лашын екі жаққа кетті ұшып.
Қанішердің қылышындай қайқиып,
Құм көгінде тұрды жалғыз ай туып.
Жер үстінде жүрді жүйткіп жалғыз сөз,
ай астында жалғыз аңыз айтылып.
Кейін ғой ол: кім ұтылар, кім ұтып,
Шығып жатты күн артынан күн ытып.
Селеу, қияқ тұна-тұна қалысты
кеше ғана жел соққанын ұмытып...
Ғұмыры аузы босамаған «мен» деуден,
аңғырт қазақ далаң-етек, жел кеуде,
кіріп келді ақ боз үйге бір күні,
ақ боз атты байлай тастап белдеуге.
Күзгі шөптей үрпиісіп, суысып,
дүркіреп кеп түрегелді үй іші.
Қара жел боп кірді біреу,
бұрқ етті
Жауатұғын бір бұлттың иісі.
Жеткендер де, жетпеген де бар бұған:
саптаяқта сары қымыз қалғыған.
Дастарқаннан өре тұрды барлығы,
бір-ақ адам жылжымады орнынан.
Болады екен ашуға да мас адам,
қалш-қалш етті, о, жасаған, жасаған –
Әлгі адамның уысында сұп-сұр боп
Қылыш тұрды қынабынан босаған.
Ал, ұмтылды...
Айқай, үрей жоқ па әлі?
Көтерілген қылыш бірақ соқпады,
ай секілді тұрып қалды төбеде.
Бір гу етті тынып қалған топ халық.
Кім ұтылды, айта алмаймын, кім ұтып,
бірі ақтады анасының үмітін.
Күзгі шөптер тына-тына қалысты
Жаңа ғана жел соққанын ұмытып.
«Ажалың жоқ ит екенсің сен де бір,
Келіп едім бір-ақ шауып көмгелі.
Дастарқаннан аттай алмай қор болдым,
Дастарқанмен жеңдің ғой сен,
жең мені!»
«Адам болған екенсің-ау түк бітіп,
бұл «ойыннан» шықтың мені мықты ұтып.
Сақ бол бірақ жиналғанда дастарқан» –
деді-дағы жұмбақ адам шықты ытып.
Аңыз, аңыз, демеші аңыз өлді ескі,
Өсетін ел ескісін де көмбесті.
Аңыз қалды, азамат жоқ баяғы,
Содан қайтып көрмепті оны елде ешкім.
Аңыз болып өлең қапты, күй қапты,
күй мен аңыз дастарқанды сыйлатты.
Үй иесі, алып қалған ажалдан
дастарқанын содан қайтып жимапты.
Қас батырдың қылышындай қайқиып,
Құм көгінде тұрды жалғыз ай туып.
Жер үстінде жүрді жүйткіп жалғыз сөз,
ай астында жалғыз аңыз айтылып.
Сол аңыз ғой келе жатқан көнермей,
Содан бастап жомарт боппыз өлердей:
Дастарқандар жиылмапты,
Жиылса
Қылышы бар біреу кіріп келердей…
1970