Жыр жазарсың – мықтасаң,
Баурында туған төбенің,
Өзіңді-өзің ұқпасаң
Сені кім ұғар деп едің!
Өзіңе-өзің таң қалдың,
Өзгені сөктің «жасық» деп.
Ақыры, міне, алдандың
Қолдағы барға ғашық боп.
Ғашықтық жақсы, о, бауыр,
Ғашықтық жаман кей жерде.
Ғашығың – алыс, жолы ауыр,
Жеп-жеңіл өтем дей көрме.
Сенбесең, досым, жолға шық,
Ғашықтық жатар көзде де;
Алысқа қара, бол ғашық
Өзіңе емес, өзгеге.
Көтеріп соқпа көңілді
Көпірте берсең – оңдалар.
Сен жеңсең, ол жеңілді,
Сенде жоқ желік – онда бар...
Талабың ақ бас тау еді!
Ағарған жоқ қой шаш әлі,
Үйреніп бітсең әуелі,
Үйрету кайда қашады?!
Ерте ғой әлі, төзіммен
Ауруыңды емде, демші адам.
Отырмын оқып өзіңнен,
Не айтар деп ең мен саған!
Ұшқынды алсаң беріп от,
Сөнер ол самал ескенше.
Алдыңа қарап кері кет,
Артыңа қарап өскенше.
1961