Білмеймін мықтымын ба, осалмын ба,
Барым сол – бір жүректі тосам мыңға.
Оңаша тергесем де, терлесем де
Өзімді жыққаным жоқ дос алдында.
Айтқан соң нелер ақыл нелер пенде,
Туған жер, әзір аман келем сенде.
Секілді қуанғаным – шуақ жағым,
Өзіме тартып туды көлеңкем де.
Не істерсің, арман биік, аласа бой
Биікке биік болсаң тамаша ғой.
Күзгі күн аспанындай тымырайған
Өзіме – өзім құсап жарасады ой.
Ақыл боп ақындығын тергеді ақын;
Мінбеймін мен ешкімнің берген атын.
Ойлаймын: «аласалық – күштілік!» – деп,
Бір табан болғаннан соң жерге жақын.
Бұл жерге келдім ақыл-есті мықтай,
Қадалсын қаңғыған көз – өстім ұқпай,
Отырам қызыл күннің отын ұрттап,
Қанталап қайтатұғын кешкі бұлттай.
Сыр құйып өлеңіме қатық қылып,
Келемін ойларыма батып-шығып.
Дейді жұрт: «өлең жазбау– бақыттылық»...
Аузыңды бұзайын ба атып тұрып!
1961