Сәулешім, сонау кеште нұрлы аспанда
Қос жұлдыз ұғысқанда, ымдасқанда,
Жерде – біз, егіз жүрек жүздеп соқты,
Еріншек аяғымыз бір басқанда.
Ыстық қол, ыстық сезім оятқанда,
Аттаудан жаңылмайтын аяқ бар ма.
Махаббат бойды баурып... тамырларда
Құтырып асау-топыр ой ақты онда.
Алдымда тұрды сонда бір сын менің,
Сондағы қуанғаным – күрсінгенім.
Түк сезбей жатты жазық, туған дала
Көтеріп қос жүректің дүрсілдерін.
Сол дүрсіл армандарды іздеткізді,
Сол дүрсіл жазды өткізді, күзді өткізді.
Бозамық шық жамылған ай астында
Сол дүрсіл туған жерге із боп түсті...
Қосты ғой «сүю» деген күшті бізді,
Бастық біз енді жерге үш түрлі ізді –
Үш өмір көтерілді көк жиектен
Сәулешім, көрдің бе анау үш жұлдызды?
Рахмет, жазымды өмір күз қылмады,
Сәби ғой бұл тіршілік – біз құндағы...
Көбейсін жер бетіне түскен іздер,
Көбейсін мына аспанның жұлдыздары!
1961