Дүние неткен кең еді,
Мұнда – көктем, анда – қыс.
Дүние, дүние дегені –
Махаббат, үміт – алданыш.

Махаббат, үміт! Қыс, жазы
Қонысын тапты кеудемнен –
Өмірдің екі ұстазы,
Шәкірт боп соған келем мен.

Дүние неткен кең еді!
Қарада – көктем, қарда – қыс.
Айдайды өмір – кемені
Адамға біткен ар-намыс.

Ар, намыс аты – бір майдан,
Бір майдан менің мекенім;
Тынбайды жел, тынбайды ән,
Сол әнмен еріп кетемін.

Дүние неткен кең еді!
Жаңа егілген жас шыбық
Бәйтерек болып келеді,
Бәйтерек – Бақыт, жақсылық.

Жақсы ойға шомып жатыппын,
Туған жер-ата мықты ғой.
Көлеңке жағы бақыттың
Қырсық деп аталыпты ғой.

Дүние неткен кең еді,
Көрдім ғой кең екенін.
Дүние неткен кең еді,
Дүние – менің мекенім...

1961