Алыста мұнарланған тау шыңдары,
Ойларым сен туралы таусылмады...
(Таусылмас арманыма, тауларыма
Келемін естірте алмай даусымды әлі.)

Сол тауға өрмелеген жол шұбалып,
Өрмелеп сапар шекті ойшы халық.
Бір ойдан бір ой биік, ей қырандар,
Мен үшін ең биікке қоншы барып.

Арман-ай!... Сол екен ғой биік деген,
Биіктер еншісіне тиіпті өлең.
Биіктеп шығып алған асқар шыңдар
Қарайды қарлы басын иіп төмен.

Не жетсін иықтасып теңескенге,
Ырзамын: топырағыма сен өскенге.
Төбемнен қарағанды сүймеймін мен,
Еңкейме, мойның талар кеңескенде.

Әкетші екпінді жел, даусымды әрі!
Ойларым тағы, тағы... таусылмады,
Жолым да таусылмасын... тұршы солай,
Алыстан мұнарытып тау шыңдары!

1961