Ағарған Жайыққа
Қонды аспан ағала.
Анау не, қайық па,
Қарайған жағада –
Сұр бұлттан бөлінген
Көлеңке сықылды:
Жібек-су төгілген
Бір сүйіп құтылды.
Дір етіп ол тынды,
Тынып-ақ тосады.
Толқын мен толқынды
Кім айдап қосады?–
Әне олар келеді
Тыныштықты үркітіп.
Махаббат дегенді
Қос ескек тұр күтіп.
Қос ескек, өзі ем бе –
Жастықтың ауды есі.
Жылжыған өзенде
Кетті гүл сәулесі.
Ақты су, тасты қан
Өз сайын қуалап;
Жапырақ астынан
Шық-көздер сығалап,
Сыбдырын сырға ғып
Жел есті бір өкпек.
Қайықта – бір қалып,
Ойнайды жүрек тек.
Аз үміт – далбаса,
Менде ме, сенде ме?
Арманға толмаса
Кеуде де – кеуде ме!
Сол үміт қолдаса
Былай дер олар кеп:
«Екі ескек болмаса
Біз екеу болар ма ек!»
1961