Жыр келеді жылды аттап,
Жырларға жыл жол ашқан.
Ақылды арман құндақтап,
Тербетіп тұр көк аспан!
Тербеліп тұр шуақ жақ,
Тербеледі көлеңке.
Қызық қой өмір сыңар жақ –
Жыры тірі, Ол өлсе...
Көрдің бе анау көдені,
Жапырылған қоғаны;
Махамбеттің өлеңі
Зел-зала боп соғады.
Жата алмайды жыр текке,
Жыр да жазда көктейді.
Бұл аспаннан бұлт өтсе
Бір жыламай өтпейді.
Аңызы да көп жұрттың –
Ескен желдің ермегі.
Көз жасымен сол бұлттың
Гүл жылайды жердегі.
Ойламас күн батуды, Келер бірақ кейде іңір. Күндей ыстық ақынды
Жоқтатпаймын дейді жыр?!
1961