Көкжиектен көтерді күн кірпігін.
Ерке сұлу күле оянды құрбысы-ау.
Шәлі-бұлттың мойнына іліп жыртығын
Күн сәулесін қабыл алып тұрды тау.

Күн келеді, күн келеді, тысқа шық,
Мезгіл келді сүйреп алтын шылбырын.
Сағым жатты көк орманмен ұстасып,
Арбасты олар әкетем деп бір-бірін.
 

Күн солдаты, нұр солдаты – сәулелер
Күзетіп тұр менің байтақ жерімді!

Көтеріп тұр күмісімді-көгімді,
Сәуле бұлтқа біздің туды байлады.
Сәуле, сәуле, сәуле көктен төгілді,
Сәуле мына жер-әлемді жайлады.

Сол сәулені қызға теңеу – жарлы ұғым,
Көтер, жүрек, дүниені шабыт қып.
Құйып ап тұр сұлулықтың барлығын
Көл шарасы жер төсінде ауытқып...

1961