Өткеріп сезімді күн, төзімді айды,
Іздесем табар едім сөз ыңғайлы;
Сөзді емес, отырып-ақ өз төсіңде,
Туған жер, ойланамын өзің жәйлі.

Баяғы жұбатам деп бір үмітті
Жүректің жиып-терген жыры бітті.
Біткен жоқ ойлар бірақ, Сірі-дала
Көтеріп жатқаннан соң тірі жүкті:

Ол жүгің... күліңіз Жер, жылаңыз, Жер,
Ол жүгің – мына біздер, мына біздер;
Үнімді, үкімімді тыңдатам деп,
Басынан Алатаудың құлақ іздер.
 

Бірақ та тыңда демен саған мені,
Тек қана мені ұлым деп санар ма еді;
Сонау бір Қошалақтың құм шағылы –
Уа, менің көз жасымның тамар жері.

Бұлтты жәй айдағанда самал легі,
Күн күлсе – ол мейрімің маған ба еді?
Төбеңде тудым сонда нүктедей боп,
Уа, менің бақытымның жанар жері!

Бұл жерге көп қарайлап көз ұлғайды,
Көңілге тездік қуат, төзім – қайғы.
Албыртам, асығамын аз өмірде
Туған жер, ойлайын деп өзің жәйлі.

Кетсе де қайғы жығып, қырсық ұрып,
Жырлаймын – жараттың ғой жыршы қылып.
Жырларым сен туралы, о туған жер,
Далаңның қыртысына жүр сүрініп...

1961