Екі жастың сынамақ боп ақылын
бірде былай сауал қойдым ақырын:
– Аспан қандай болса сондай түсі бар,
Жел тымықта күрсінгенінің өзі
Зәреңді алып, иманыңды ұшырар –
теңіз жатыр деп есепте алдыңда,
суын бірақ, іше алмайсың; ал, мұнда:
Шалшық жатыр ауыз-сайдың ұртын ап,
атылатын толқыны жоқ бұрқырап,
галстукті бастыратын кәдімгі
түйреуіштің тасы құсап, жылтырақ
Саяздығын кешіре алсаң сен оның,
суы ғажап тұщы болып келеді.
Бір жаманы, су болған соң атағы,
Ит те, құс та аузын малып жатады –
екеуінің қалайсыңдар қайсысын?–
деп ем; бірі сәл именіп жөткірді,
екіншісі:
Жұмбақтамай сөйлесейші?– деп күлді.

Сонсоң үнсіз ойланды да екеуі
Біреуі айтты:
«Маған шалшық жетеді,
Шөл тигенде шалшық түгіл тамшы зар,
Саяздықтан емес ит, құс жаласа
Суының сол тұщылығынан шығар?!
Суда жүріп шөлден өлсең, ол да аса
Қызық болмас;
Теңізде не қасиет
Терең деген қорқынышты аты ғана болмаса».

«Шіркін, теңіз!– деп күрсінді
соңда екінші жігітім,–
Не тұр екен ішкен суда бір жұтым?!
Ақымақтың әдеті ғой өлшейтұғын қарынмен,
Қарынымен түсінеді дарынды ол,
тек атағы су еді ғой демесең
теңіз суы – қарын үшін емес ол,
көру үшін;
симай даңқ, атағы
Мәңгі-бақи көл-көсір боп жатады.
Теңіздің тек келбетіне көңілмен
қарап тұрып шөлден өлер едім мен –
елестетіп жүз мыңдаған жетімді,
армандар мен қиялдарды ас қып паң,
тау-тау астық күзетінде аштықтан
өлген сол бір азаматтар секілді...
Ал, шалшық не?
Соны ұялмай мақтаған
Шын есерді көруім бұл;
Жат маған:
Шалшықтардың табиғаты масқара,
Масқаралар толып жатыр өмірде
Саяздықтан басқа да?!..
Өлең сөзге әжептәуір шебер ек,
Шеберлерге бәрін тізіп не керек –
Әрең бастым екі інімді;
ең ерек
Өршеленген жігіт мақтап Теңізді
шалшық құсап тез-ақ тынды; ол енді
Бейсеуовтың концертіне жөнелді.
Екіншісі сәл қызарып құлағы
Толстойдың романын сұрады.
Таң қалдым мен.
Жанып ойлап жан салып
түсінбедім: сөз бен істің аралығы қаншалық?!
Бір керемет ниет жайлап мені ізгі,
екі жасты безіндіріп шалшықтан,
атақ-даңқын асырмақ ем теңіздің,
Мақсат екен сөйтсем, сірә, әнтек бұл,
Мақсат та емес, майдан екен – қан төктім.
Мен жеңілдім:
екеуі де сендірді,
екеуі де ойлайды екен мен ғұрлы.
Теңіздің де болады екен өз теңі,
Шалшықтың да болады екен өз теңі;
тек мен ғана тұзды тақыр болып құр
керегім жоқ кезде бекер келіппін...

1980