Ан-тало-ги-ялар ғана басатын
бір әдемі жыр оқыды жас ақын.
Меніңше,
автор қасіретті жүрегінде кілкіген
Шатастырып алыпты, әттең, күлкімен,
Өйткені, жұрт сықақ екен деп сәтті
Әлгі өлеңге мәз боп күліп оқсатты:
«Ойын арзан, күлкі қымбат» емес пе?!
Ол өлеңнің сөз, ұйқасы жоқ есте,
ал, мазмұны мынадай:
Зоология мұғаліміне бір шәкірті ұнамай,
берді соған сұрақтың ең қыңырын,
– Айтшы,– депті, – тышқандардың  ғұмырын,
тышқан осы қанша жасап өледі? –
Оқушының тілі сөзге еп еді,
Орнынан сәл көтеріле түсіп паң:
– Мұны сұрау керек,– депті, – мысықтан!

Сол жыр менің салқын қанымды ысытты,
Сол жыр әлі жүрегімді қысып тұр.
Сол жырдан соң жауыздық боп көрінді,
бүкіл болмыс-тіршілігі мысықтың.
Қалай? Неге? 
Аш күшік боп бұл сұрақ
ірге жақты тырнап жатыр қыңсылап...
Неге? – дедім,
тым мазасыз бұл «неге» –
Тышқандардың қанша өмір сүрерін,
расында мысық қана біле ме?
Неткен ауыр тағдыр еді!
Марқайып,
жыр жазғанша, ақын, сен де тарт айып.
Ғұмыр ма екен тышқандардың ғұмыры
Тым құрыса, өле алмаса қартайып!
Неткен сұмдық!
Жәндіктер де тірі жан,
тірі жанды тірілерше ұғынам:
Жүрек байғұс тулап ұрып, ұшып тұр
тышқан құсап алдындағы мысықтың.
Тұла бойың шымырлайды!
Қағып тастап кекілді,
Мына өмірде бақыт тауып не түрлі,
Сенің бүйтіп жүргенің де, жігітім,
Әлдекімнің тоқтығынан секілді...
Адамдардың орта жасын есептеп
Жазылған том жүк болардай есекке.
Бір елде – елу,
Бір елде – алпыс,
бір елде
Қатысты екен еңбек, тұрмыс, жігерге.
Керегі не бал ашып:
ақ сақалы Кавказ – шыңмен жарасып
Отыр қария жүз алпыстан әрі асып,
Жүз отызға биыл шыққан баласын
«Жастығы үшін» кешіріп;
Жеті әйелді қазанының иесі ғып,
Жетеуін де қартайтыпты;
Соңғы тойда сыр беріпті бірақ бұл:
Түсіргенде жүз қырқыншы келінін
Коньяк ішіп, қартайдым деп жылапты.
Ғұмыр деген осы емес пе, досым, ал
екі жүз аз қарағанда осыған,
Адам ата тоғыз жүз жыл жасаған,
адам – адам,
Қай кезде де осы адам!
Ал, біреудің орта жасы? Расы,
Тәбетіне байланысты мысықтың!
Адам – адам,
жәндік – жәндік, пысықтың
ойлап тапқан заңы да емес сірә, сұм
Тағдыр шығар?!
Тағдыр, мені тосып ал,
тынысымды сана бастап осыдан –
Қанша мәрте соғар екен жүрегім?!
Бірақ, бірақ... мысықтардан шошынам!
Жиырма бесте менің әкем түсіпті
тырнағына соғыс деген мысықтың.
Орта жасы жиырма бес қой сонда оның?!
Жиырма миллион қыршын ғұмыр сөнгелі
Отыз бес жыл! –
Орта жасын солардың
есептеген кім бар – қайғым болар бұл:
қанша миллион жесір ана жалғыздықпен егесті,
Қанша миллион бала әкесіз боп өсті –
Жазып көрсөм нольдің өзін жеткізе алар
емеспін...
...Жүрек байғұс тулап ұрып, ұшып тұр
тышқан құсап алдындағы мысықтың.
Кім біледі, болар бәлкім сезім құр?
Тағдырына тышқан қалай төзіп жүр?
Бір жәй менің бауырымды езіп жүр:
Жауыздық пен арамзалық бүгінде
әр есіктің түбінде,
аузын аңдып әр іннің,
әр елдің бір сылдыратып бұтасын,
аш мысық боп дүниені кезіп жүр –
Сақтан, Адам!
Жәндіктердің қазасын да қайғы ғып
Жас төгетін жаның сенің мәлім-ді,
тек қартайып өлетұғын кәдімгі
«Орта жастан» өзің қалма айрылып!
Біреулер жүр серттен сырғып тая сап,
Сенбейді олар – біз жәндікті аясақ;
Мысық-тәбет!
Мысық-тілек!
Мысық-көз!
Мысық-тірлік, мысық-табан саясат!
...Тоқсан жаста әжем өлді, бар ізгі
тілегі оның қыршын кеткен тәрізді.
Тілек, үміт қартайғанда ғана ажал
жарасады.
Әрине, ақыл ажалды ойлап арымас.
Жетпіс те – жас емес адам жарымас,
Мотор-өмір өрге тартып тұрғанда
барьерден, барьерден әрі бас!
Тоқсан, жетпіс, сексен, жүз де – кәрі, рас,
бірақ, бірақ... өлу үшін – бәрі жас!
Өлімге кім мойынсұнар?!
Көңілдің сәл толқуы бар демесең
Өлімді ойлау – торығудан деме есер,
ажалға адам қарсы шапса, он есе
тіршілікті сүймегеннен емес ол!
Өмір атты мынау ұлы базарда
Лұқпанша мың жасасаң – аз ол да.
Ажал-дағы ұсақтайды азарда:
Инфаркт пен аппендицит – қазам ба?
Мен – өлімге қарсы адаммын тегінде,
Әсіресе, жастай келгсн өлімге –
ажалдардан бұрын келген ажалға!

1980