...Телефонның шырылынан сол күні
Жүрек қысты,
қаным қатты толқыды.
Ащы тиіп торғайдың да дауысы,
Жаңғырыққан секілденді тау іші.
Нақ сол күні...
Тағдыр басқа бермесін –
Өз үйіне түнемепті бір досым.
Сөйтіп беттен бедел ұшып кетті ескі –
Жарым маған: «бәрің солсың» деп кесті.
Содан кейін құймақ күйіп, сүт іріп,
Тұрды ас үйде бу мен түтін құтырып.
Шанышқы мен қасық жиі айқасып...
баж-баж етіп төгілді отқа шай тасып.
Нақ сол күні мені сынап бір сыншы
Жазудай-ақ жазған екен (құрсыншы!)
Сол күні ерек ақылдымсып, алғырсып,
бөлім бастық ауық-ауық алды ұрсып.
Ауық-ауық жиналыс боп сол күні
шекем қысты – қаным жиі толқыды.
Бір-бірін жұрт кекеп-шалып сөз етті.
Дүкендерге симай шұбап кезек тұр:
Кіржің-кейіс,
Қажаған жұрт бір-бірін,
бірін-бірі түртіп жейді түрлі ұғым...
Уа, тұтап қал,
Мысқыл сөздер, тұтап қал –
Қате кетті мен қол қойған кітаптан!
Бір азамат қызметтен – міндеттен
босап шықты...
Ұзақ еді күн неткен!
Нақ осы күн хабар... Қара қанатты
Қарғып ұшты: бір қарақшы бала атты.
Көкірегім қаңырап кетті бір түрлі,
тек әлдебір қан тамыры бұлқынды, –
Жүрегім де әлгі байғұс досымдай
өз кеудеме түнемеген сықылды...
1980