Мезгіл жақсы: көрші тыныш, біз аман,
Жаман жырды өңдей де алам, сыза алам.
Гүл суарған қызды сұлу деседі,
Сұлуырақ нан көтерген қыз одан.
...Сол бір кездің тілкем-тілкем табаны
менің мәңгі көз алдымда қалады.
Жақсы ғой қыз бал татырған тілінен,
Су берген қыз қайырымдырақ болады.
«Ақ шағылды» бір түптеуге жараған,
«Ұсақ жандар», сенен, сенен нәр алам.
Биші қыздар қылықты ғой, расы,
Қылықтырақ ұсынған қыз қара нан.
Ой шашылды, ұйқастарым, шық құрап,
Шойын нүкте, сөз аяғын күт бірақ.
Мықты, мықты ел қорғаған кешегі ер,
бүгінгінің ерлері одан мықтырақ.
Күншілдердің көңілін бір басарға,
Уа, Алатау, мұз-кеудеңді тос алға!
Ғаламат қой Аманкелді қылышы,
Жақаевтың кетпені одан осал ма?!
Ақындардың әр сөзінен от шығып,
Жасыл отпен жанып жатыр көк шыбық.
Мәрмәр тасқа гүл өскені – әдемі,
бәрінен де әдемірек Тоқшылық!
1980