Тағдыр солай, тереземнен төнбе көп,
Мұң салады бір қауым:
Шық көзімен дөңгелеп
Маған қарап жыламсырап тұрғаның.
Жырларымды мезгіл желі ұшырып,
Көрге тығар ажал түбі пендені –
Соның бәрін түсініп,
аяп тұрған сықылдысың сен мені.
Шабыт шайқап құбылғанда даусым мың,
қарауытып тыңдайды орман, тау сұмдық;
еркесі едің сен бір ғана маусымның,
ал, мен бірақ ақын емен маусымдық:
Мені аяма!
Түбінде бір алса өлім,
том-том жыр боп айтылар да «иманым»,
Фамилияға айналармын.
Ал, сені
күздің желі қайда қуар – беймәлім...
Таң салқындап,
бұлт төмендеп,
Жел де енді
Дауыл болып соға алатын секілді.
Әр бұтаның сарғайғанын көргенде
бір тал шашым ағаратын секілді.
Сақтан, достым!
Мені – аяма, майлы ішім,
дауыл ұрсын – қозғалмайды мүлде іргем.
Сені бірақ, байғұсым,
Қандай табан таптайтынын кім білген...
1980