Абайда да нашар өлең көп деді, –
бұл сөз бірақ құлағымнан өтпеді:
арам ісік секілденіп күлдіреп,
Көкірегімде түйіншек боп жүрді көп.
Кесір ойлап, кекесінді күліп мен,
айналаға қарар болдым күдікпен.

Кемітер сөз ойлағалы өзгені,
жүрек байғұс бұрынғыдай сезбеді.
Бәр-бәрінде күмән барын, сыр барын
ұққан сайын жаман шықты жырларым.
Сол-ақ еді таңданып бір тұрғаным:
«Күн көзінде дақ бар» деді бір ғалым.
Сонда қалай?
Сонда қалай? – деп күлдім,
жоқ, күлгем жоқ – көздің жасын кептірдім.
Содан бері өсіп кетті ой-әлім,
ерегіссем – еркіңді алып қоямын.
Көп күдікті ұшырғанмен күл ғып мен
Күресуге күш таппадым шындықпен.
Содан бері...
Өкпелетіп алдық-ау, деп талайды
Ойлағанда тер қысады самайды;
Қасиетті қарт, сен қалайсың дегендей
жүзіне құр жалтақтаймын Абайдың,
ашулантып алмадық па деп Күнді
аспанға да жалтақ-жалтақ қараймын.

1980