Мейірім іздеген секілді әлдекімнен бір ұрттам,
Қос сәбиін ертіп кірді бір келіншек ымыртта.
– Ажырасам! – деді жылап.
– Кімнен? – дедім таң қалып,
– Қырсығымнан! – деді ол сонда,– ұғыныса
алмадық.
Қос сәбиді нұсқадым мен,
– Сөйле! – дедім, – қысылма,
Қайтып, қалай ұғыстыңдар мыналардың тұсында?
Бірер мәрте көріп едім келіншектің осы өңін,
ал, ерімен мен біраздан командалас дос едім.
– Не кінәсі болды? – дедім, – неден болды жазалы?
– Ішеді, – деп төмен салды сұлу әйел назарын.
Сонда шешем сандығынан шүберек ап, бір түрлі
Жалтырауық бір нәрсені түйді соған, іркілді
сәл ойланып:
– Мынау дәрі, түрлі шөптен істедім,
Осыны ептеп жалап жүрсе қояр, – деді, – ішкенін.

Тағы бір шарт:
Қосағыңды сыйла, шырақ, күт мықтап,
«Қызметімнен түстім» десе –
«Құтылдың» де құттықтап.
Көңіліне тиме ешқашан, – деді, шешем тағы да:
Көп ұзамай бар қырсығың айналады бағыңа...
Жас келіншек ұйып қалды.
Әлгі сөзді малданып,
Шын жұбанып шықты есіктен,
Мен қарадым таңданып.
Таң қалдым мен, қызық көрдім бір түрлі,
Тамағыма таяп қойып күлкімді:
– Дұғалық па? ішірткі ме?
Құдай жаққа бір адым
баспаушы едің, әлгі дәрің не дәрі деп сұрадым.
Кәрияның жүзіндегі өшті әжімнің іздері
Жадырады шешем кенет:
– Менің дәрім – тұз! – деді.
– Тұздай ащы тұрмыс кеш деп бергенің бе, бұ қалай,
Үлкен кісі, тәуіптігің ұят! – дедім шыдамай,
– Ей, шырағым, –
                  деді кәрия, – тұздан да ащы бұл өмір,
тұздан аузы күйсе кімнің – өмірді сол біледі.
Тұз бергенім жас адамға – аналық шын көмегім,
Тілден ащы емес қой тұз – соны білсін деп едім.
Тұздай сөзін құйса келін сенің осал жеріңе
арақ шыңдап әкетеді, түсін, балам, сені де,
Ақылы ғой қарт кісінің келмейтұғын өлгісі,
Тұз бердім мен,
Тұз дегенің – тазалықтың белгісі.
Балға үйір ғой шыбын-шіркей,
Тұздан қашар масқара, –
Мен келінге тұз бол дедім қосағыңнан басқаға;
Жігітке де осыны айттым.
Тұздың дәмін сыйласа
Жөндер, – дедім, – оттың басын,
бұзбас, – дедім, – күйді аса.
Осыны айтып кәрия ана бір күрсініп тоқталды,
Мен де өзімше әлденені түсінгендей боп қалдым.
Тұзды қадірлеуім бұрын далбаса еді, далбаса,
арақ, жуа, қара бұрыш болмаса.
Содан бері Дәмге сенер боп алдым.
Тұзды сыйлап, қасиет тұту арқылы
Құнын білдім қиянат пен обалдың...
Айтпақшы, әлгі жас келіншек қарт анамнан
«дәрі» алған
Жақсылықты көре-көре адамнан
Жаман пиғылды ұмытқан-ды,
сөз қозғалса арақ жайлы баяғы
гастрит пен тұзды мақтап қояды.
Кеше анамды есіне алды ол көзден жасы бұршақтап,
Шифонерден көрсетті алып –
тұз түйген сол шүберекті әлі күнге жүр сақтап.
Уа, қара тұз!
Қиял кезіп ізденіп,
Кей күндері төккен терім тұз болып,
Қинап өтті сағаттарым,
Қызыл сөздің өзі де
Тұзға айналып, тер боп құйды көзіме.
Жылдар емес қартайтатын жыршыны,–
Жанбай қалған еңбектердің қырсығы!
Таңдайларға татығанда тұз-тірлік
бейнетімен жүз түрлі,
рахатымен мың есе
Маңдайлардан аққан тер
балға айналар біресе,
Тұзға айналар біресе.
Тағдыр мені ақын етіп жүз үнді
Құйған шақта: Құдайдан ап қызылды,
Абайдан ап (тамшы жырды) үзінді,
Көп салыпты татысын деп тұзымды...

1980