Тоқтат, самал, жымысқы жүрісіңді,
Сен де жапырақ, шығарма дыбысыңды;
Майысты бір кәрі емен: сексендегі,
Шал иілді, жас қызға гүл ұсынды.

Жас қыз таң боп, көңіліне күдік кірді,
Қартты «С ума сошелға» іліктірді.
Құрбылары мазақтап, әлгі қызға,
«Сенің теңің осы» деп күліп тұрды.

Ұқпады қыз күліп те, күрсініп те:
«Не нахал боп тұр» деді, «қырсығып не».
– Қызым, саған емес гүл, – деді қария, –
ғашықтығым өмірге, тіршілікке!

1980