Байғұс дала, білмеппін ғой, кетем бе
көп сырыңа көңіл бұрмай бекерге:
көңіл кірің – қоңырлығың екен ғой,
қоңырлығың момындығың екен ғой;
көлгір желің – өпкен ерін екен ғой;
көкжиегің – жетпегенің екен ғой;
қаңбақ көшсе – қартайғаның екен ғой;
қазан-сайлар ортайғаның екен ғой;
Қайран дала, білмеппін ғой,
Алматыға кетерде
қайырылып қараппын-ау бекерге:
қурайлардың әндеткені жоқтағаның екен-ау,
жал-жал болып шөккен құмдар тоқтағаның екен-ау;
Бүлдіргендер – бал ұсынып,
мені өзіңе балағаның екен-ау,
қарақаттар – мөлдіреп бір қарағаның екен-ау.
1967, 1982