Шым-шымдап сезгіш жүрек сыздарда өліп,
маған – жылу,
жар үшін ызғар болып,
қолтықтап конспект, кітаптарын,
тұрады біздің үйге қыздар келіп,

Имене амандасып, иіп басын,
сабағын әңгіме ғып,
тиіп-қашып
табақтан қос саусақпен шымшып татып,
отырады жарыммен иықтасып.

Атып бағам әзілмен, тілмен көздеп,
жанады олар сөз сырын білген кезде.
Жар отырар жалтаңдап екі жаққа,
жатыр ма деп бір пәле күлген көзде.

Қысыласың, сол сәтте сезім күшті-ақ,
өз пиғылың алады өзіңді ұстап.
Аға болып,
әке боп, содан кейін
отырасың кінәсіз сөзіңді ұштап.

Отырасың «сап, сап» деп,
сүйіп барып
өзіңді-өзің жатырқап, күйіп, талып;
өз жүрегің еместей кеудеңдегі,
өз көйлегің еместей иықтағың.

1967, 1982