Әже,
Әлде «жүрегің толып» кетті,
әлде бір көңілсіз ой қонып кетті –
Мені көрсең бүгінде,
бар білерің
жылау да емес, кемсеңдеу болып кетті.

Әлде шаншу алды ма бүріп іштен,
іше алмайсың шайды да бұрын ішкен.
Тұра келсең – қаласың кездік құсап,
ал, жантайсаң жатасың бір уыс боп.

Алақаның сай-сай боп таңдай құсап,
қарын, – қармақ болыпты, болмай құшақ.
Неге қорқа қарайсың айналаға
шірік бұтаққа ұялаған торғай құсап.

Бір ауырлық әйтеуір санада тұр,
қорқыныш пен уәйімді паналатып.
Күннен-күнге еңкейтіп мына мезгіл
қайда ғана әкетіп бара жатыр?

1967, 1982