(Монолог)
Тегі менің шын екен жаралғаным өзге боп,
көрінеді екенсің сорың үшін көзге көп.
Бәрі сені қызықтап жатқанымен, шын ұнап
кетсең егер көңліне – қояды екен жұлып ап.
Қызығушы көп екен болғандарға әдемі,
қысқалығы ғұмырдың – сұлулығының әлегі.
Танисың-ау жақсыны, ей, саусақтар, әмірлі,
сипай ма екен маңдайдан жұлу үшін тамырды!
Ғашық болса біреулер – оған да мен кінәлі.
Айрылысса қос ғашық – мен тапталам табанға,
қалса екі қас достасып – сақтанамын одан да.
Сүйіп тепсе, немене – гүлім дей ме сол үшін,
тиіп кетсе денеме дірілдеймін сол үшін.
Толған сайын қорқамын – сенен келер немене,
қонған сайын қорқамын көлеңкелер төбеме:
нелер жеңіл бүгінде – азаң батқан секілді,
төбемде – өмір,
түбімде – ажал жатқан секілді...
1967, 1982