Кештіғұрым екі жан жүзіп баққа
кіріп келді гүлді ұстап, қызықпаққа.
Қызық тапқан жан үшін гүл-бақ егіп,
бұлар тапты рақат үзіп, таптап:
Жас жігіт жанын салды – қызулы еді,
гүлдер тұрды алдында үзілгелі.
Лақтырды біреуін ақ деп алмай,
енді бірін тым ерсі – қызыл деді.
Отырды олар майсаны жаншып, басып,
бір-біріне еріндер талшық тасып.
Жұлды тағы бір шоғын мөлдіретіп,
(кеткендей боп көрінді жер дір етіп)
қолын созды бойжеткен үлгірмеді –
қарт бағбан ақырып келді жетіп:
– Неғылғаның жатқаның бүйір малып,
асырайтын шөп беріп сиыр ма қыз... –
түтін болып шал тұрды...
(қарындасым,
артық айтса айыпқа бұйырмаңыз).
Намысты еді жас жігіт – ашу бар-ды,
таспен ұрып бағыбанның басын жарды.
Қан боп қалды кәрия,
әлсіз қолмен
жинап жатты гүлдердің шашылғанын...
Кетті екеуі тағы да жүзіп баққа,
Нені ұқпаса – дәл соған қызықпаққа.
Гүл өсіріп бағыбан таяқ жесе,
бұлар тапты рақат үзіп, таптап.
Жалба-жұлба болды ала – қираған ба,
әрең тұрды кей гүлдер қиралаңдап.
Жігіт жүрді серігі асыққанша,
гүлдер қалды үгіліп, жасып қанша...
Бүлінумен ақыры бітеді екен
сұлулыққа топастық ғашық болса.

1967, 1982