Бастағаның қуанып –
тез бітуін күт мейлің:
оқыған том
тұр әне
келген жерім бүктеулі.
Босқа төгіп терімді,
ашқаныммен сүріне,
ашқан есіктерімнің
жабылған жоқ бірі де.
Мен көрмеген құс бар бір –
жоғары ұш, жоғары:
сені атар дұшпанның
оғы біткен жоқ әлі.
Үміт бар ғой әркімде,
кеуде соған тоқ кейде:
Маған ұсынар гүлдер
әлі ашылған жоқ дейді.
Ашылғам жоқ тіптен де,
көңіл бар тек күткен көп:
қайғырып та біткем жоқ,
қуанып та біткем жоқ.
Бастап қойған кітабым
біткенінше,
еңсеріп
ауа, сені жұтамын,
нық басамын, жер, сені!
Бір есігім жабылса,
жабылғанша түп-түгел,
шыңдар, сені бағынтам,
бұлттар, сені түттірем.
Сені атқан оқ қаңғырып
құлағанша,
төзім ғып
қуам сені, жаңғырық, –
қуам сені, әділдік!
Мен құшар гүл бұтағы
қурағанша,
еңсеріп
ауа, сені жұтамын,
нық басамын, жер, сені.
Болса деп ем болары,
жансам деп ем тағы бір:
сонсоң маған бәрі анық,
сонсоң маған бәрібір.
1967