Поэма
1
Кәдімгі осы Алматының тау жағы,
шеткерірек болушы еді аула бір,
сол аулада – арасында бақшаның
қос бөлмелі бір үй бар-ды шап-шағын.
Бір бөлмеде – сексен жасар ана асыл
Мәпелейтін елу асқан баласын.
Жалғап тұрды шаштай мықты бір өмір
Елу жас пен сексен жастың арасын.
Тіршілігі елудегі “баланың”
Табатұғын екі адамның тамағын.
Бір өзгеріс әкелер деп жүрді олар
Тау астынан шыққан әрбір жаңа күн,
Күндер үшін өзгеріс те сөз бе еді!
Бірақ оны бұл екі жан сезбеді.
“Жаңалық та табады ғой жаңаны,
Өзгеріс те іздейді екен өзгені” –
Осынау ой орнағанша сенім боп,
Жүрек байғұс талай ойға желінбек.
Сол шаштарға қырау қонды, аулада
Тұр жастықты сақтап жасыл бау ғана...
Сене алмас ең, сене алмас ең сен емге,
Сол “баланы” тастай керең дегенге.
Оның өзі бұл өлкеге гүл жапқан
Келген адам секілді ғой бір жақтан?
Қайдан келсе, одан келсін – бәрібір,
Біздің аспан аямайды жарығын.
Көзі де оның аспан түстес көк еді,
Сондықтан ол көкті жақсы көреді.
Бар дүние жап-жасыл боп жанғасын,
Бәрі алғашта көрінді оған жап-жасыл.
2
Ал, екінші бос бөлмеге бір күні
Жас қыз келді, көк сүңгідей кірпігі.
Сыңғыр етіп төгілді кеп алғашқы үн,
Содан кейін... төледі қыз жамбас пұл.
Осы қыздың өзгертуі мекенін,
Кім біледі, нешінші рет екенін.
Осы үйге тек бірінші рет келді бұл;
Көшу дегенді ұмытса да ел бүгін
көшетін ол пәтерлерден пәтерге,
Ғажап көріп Алматының кеңдігін.
Бұл аулада басылды алғаш ізі оның,
Бұл аулада бір әдемі жүзеді үн.
Үй иесі алғаш рет көргендей
Дәл осынау көктем елін, қыз елін.
Алғаш рет бұрқылдады әтір-май,
Қайтер екен, қайтер екен апырмай:
Қыздың жұмыр иығынан күн-дағы
Ептеп-ептеп шымшып қойды батырмай.
Тағы жерге әдемі аяқ бір басты із,
Әр жерге бір із тастаумен жүр жас қыз.
Ауладағы жиырма жасар алма ағаш
Тілі болса, дер еді оған: құрдаспыз.
Амал қанша, тіл жоқ болса – құр мүлгі,
Тілсіздік те ғажап еді бұл күнгі.
Су алуға шыққан қыз, сол бұтаға
Етегінен алғаш рет ілдірді –
Сараң ғана жымиды қыз, күлгенін
Жасырады – ұқпағаным бұл менің.
Кім біледі, осы ағаштың бұтағы
Етектерден нешінші рет ілгенін?
3
...Қыз бен кемпір екі есіктен жүр шығып,
Бірі күлсе, бірі ортайып, күрсініп.
Өтіп жатты, мынау екі бөлменің
Екеуінде екі түрлі тіршілік:
біреуі айтса бұл күніне жорта сын,
біреуі айтар көңлінің ортасын.
Осынау бір сексен менен жиырманы
Қатар қойып ойлатуға қорқасың!
Бал-үмітпен өмір сүріп біреуі,
Тәтті кәмпит сорғандай боп жүреді.
“Ертең кімді көрер екем?!” – дейді ол
Сұлулардың әуесқойлық бейілімен.
Жұмысынан кейде кеш кеп осы қыз
Бал-бұл жанса – жақсылыққа қосыңыз.
Ал, кейде бір... қайтар жасып ол жүдеп,
Ондайда оған керегі жоқ елжіреп.
Қателескің келмесе егер тағы да
Көп үңілме жас сұлудың жанына!
Кемпір деген ұқсамаған жан бұған
Жүзінде оның көлеңке бар қалғыған,
Кейде оянып, қуаныштың шуағы
Көлеңкені – әжімдерге қуады.
Күндер жайлы ойласа егер тым жеңіл
Қанағатты қайдан табар бұл көңіл!
Ал, ертеңін ойлай қалса, жүрегі
Тек өзінің өлетінін біледі.
Біз аңсайтын ертеңді емес, кемпір бұл
Өткен күнін есіне алып елтіп жүр.
Есіне алса қыз болғанын бір кезде,
Нұр толады осынау бір сұр көзге.
Еске алады алғаш ана болғанын
Жағасында жарқыраған Волганың.
Еске алады талай тірі гүлді үзіп,
Қыдыртқанын алақанға мінгізіп.
Еркелетіп жүруші еді жүректі
Ала қашып бір қызықтан бір қызық.
Бірінші рет жесір бопты бұл-дағы
Сонау... сонау жиырмасыншы жылдары.
Жар бейнесі айналыпты өшуге
Басқан іздей сусымалы құмдағы.
Мезгіл – көктем, кім сүйсінбес, о, бұған!
Алма ағаштар құлпырады төгіп ән.
Бір шоқынып Христостан тілейді
Сақта деп тек мылтықтардың оғынан.
Алғы күннен бір тілегі осы оның,
Бір тілегі – қалыңдату төсегін.
Кейде осы тілегі де жай қалып,
Кетер бәрі естелікке айналып.
Күйеуі оның “ақ бандамен” болып қан,
Ажалына ақырып кеп жолыққан...
Ал, кешегі соғыстан да бір белгі –
Көз алдына керең болған ұл келді.
Кенет... қайран ана-көңіл ерсіген
Қараң қалып, маңдайы тек тершіген.
Соғыс еккен “жеміс” міне тұр шығып –
Тұла бойы кетті тағы түршігіп.
Шыға берді ана ойынан екшеліп,
Қайда барса, соғыс жайлы естелік.
Соның бәрін жеңген кәрі денеде
Тек естелік өмір сүріп келе ме?!
4
Ал үшінші!
Үшінші адам – мына адам,
Таза ұстағың келсе өзіңді кінәдан
Бұл туралы айтпа ештеңе әзірге;
Ішің пысса – көрші қызды әзілде.
Болса кезің талай жанды сынаған,
Көп сыныңды көтермейді бұл адам.
Сырт көзге бұл дөңкиіп кеп жатады,
Емен құсап дауыл күні құлаған...
Бір бөлмеде кәрі анамен екеуі,
Ойланса екеу – екі жаққа кетеді.
Тек естелік тұрады ойда көлденең
Май шам құсап жылдар бойы сөнбеген.
Бірақ бұлар сонау өткен күндерге
Оралады екі түрлі жолменен.
Бірі оралса жесірлікпен –
желекпен,
Бірі оралды қанды жолмен ел өткен:
...Көрді ол өзін сол жас жігіт күйінде,
Волгоград. Жазғы кештің бірінде.
Бір мөлдір көз жанған мұның алдында,
Бірақ оны бата алмады сүюге.
Көз алдында әлі сол от тұр жанып,
Бүгін де оған қарайды тек ұрланып.
Сүюге әбден барған жүрек батылы,
Сүйем деуге бата алмады ақыры.
Ұшқын түссе – сезім деген жанар май,
Әлі де ол бір лап етіп қалардай.
Сана шіркін сол күндерді – суретті
Жылдан жылға сүйрей-сүйрей кірлетті.
Сол бір қызға аша алмаған бұл сырын
Көлденеңдеп ұят деген қырсығың.
Махаббатқа кіріс берсе екі көз,
ал, жүректің төлейтіні бір шығын...
Тағы, тағы... елес келді сан қилы:
Өртенді орман... түтін исі аңқиды.
Көк аспанда күміс шыбық жүр көлбеп...
Мылтық оқтап жатыр біреу күйбеңдеп...
Көрді өзін құлаған үй орнында,
Өлді досы... тірі жүр ғой ол мұнда?
Өмір, енді дәл осындай жандарды
Естелікке қор қылма!
Көрді өзін... аянышты-ау ендігі
Ол үшін бұл дүниенің кеңдігі.
Ажылдап кеп жарылған жау бомбасы –
Бұл үн оның естіген ең соңғы үні.
Тына қалды асау дүние сол кенет,
Дала жатты моп-момақан дөңгелеп.
Атпайды ешкім – құлады анау шалқалап,
Ернін қозғап болады өзі сөйлемек?
Бір ақ тымық дүниеде тұрды бұл
Біліп қана мынау дел-сал тірлігін...
Алғашқы ажал алмай кетті, алайда
Алғашқы ақ шаш түсті сонда самайға.
Көрді өзін осы мылқау күйінде
Ақ шатырдай аурухана үйінде.
Дәрігердің қимылдаған ернінен
Бір күш тауып алғашқыда сергіген.
Ал, кейін ше?
Кейін серги алмады,
Сергітпеді сұмдық шындық салмағы –
Дәнеңе емес, дәнеңе емес қалғаны.
Көрді өзін Алматыда – көктемде,
Қалт сүйеніп қалған күйі кетпенге.
Көрді өзін ішінде осы ауланың,
Аптап болып асылғанда тауға күн.
Ақырында бәрі болып түс мүлде,
Көрді ол өзін төсегінің үстінде.
Тірі отыр ғой – тындырмасын, тындырсын,
Құлақ керең – аясаң тек бір күрсін.
Осынау жан өткен күнін өзінің
Нешінші рет еске алғанын кім білсін?!
5
Ал, жас қыздың көңілінің тоқтығы –
Мұның ондай еске алатын жоқ түгі.
Сондықтан да күледі ол әдемі...
Тек күлуге жаратылған жан еді.
Көз жасымен күлкісі ылғи аралас,
Ой дегенің тегінде оған “арам ас”.
Осы ауланың болды ол Айдай жалғызы,
Ай секілді қара қасты ақ жүзі.
Бұдан әрі айтып кетсек жарамас
Толып біткен ақ балтырын жалаңаш.
Күлсе – тұрар көкірегі алқынып,
Қос балапан ауық-ауық талпынып,
Қырық бұрап құйқылжыған денені,
Әне, бақта – гүлге жүзіп келеді.
Кешкі самал-жел тербеген ақырын
Гүл саусағы қытықтайды тақымын.
Бірін тістеп, бірін жұлып гүлдердің,
Сүлулығын тонайды ол да бұл жердің.
Гүлге түссе – құлпырады көзі мың
Жасыра алмай жастық шақтың сезімін.
Туған жердің гүлімен де ол дәйім
Сұлулығын толтырады өзінің.
Сұлу болу қайткенде де арманы,
Арман-дағы бұдан әрі бармады.
Осы ғажап сұлулығын жас көңіл
Кімге ғана арнады! –
Қарайсың кеп терезедей тесіле,
Қарамасаң – көз беріпті несіне.
Қарайсың кеп... кейде айтасың жорта сын
Ал, мақтауға әйеліңнен қорқасың...
6
Бұ қыздың да соғыс жұтқан әкесін,
Әке қазір бұл қыз үшін жат есім.
Әкесінің болғаны үшін, кейінгі
Кешірмейді шешесінің “қатесін” –
...Таршылықтың күндерінде кешегі,
Бір шал алып сол бейшара шешені,
Әлі күнге әлдекімнен қызғанып,
Ауық-ауық таяқтайды деседі.
Төрт жыл болды қыз кеткелі сол үйден,
Ойласа – ой бар, ойланса тек кемиді ол.
Төрт жыл болды сол бір сорлы ананың
Көрмегелі байғұс жүзін мөлиген.
Мұның бәрі ой болар еді – ойласа,
Тек сұлу ғып бермесе өмір бойды аса.
Сұлулық та болады ойға көп кесел,
Жанмен емес, көйлегіңмен көктесең.
Мұның бәрі бітсе әсіре әйелге,
Бұдан асқан ақымақ жоқ әлемде.
(Кінәламан, кінәламан, жап–жасыл
Сұлулардың бақыты мен бақшасын.
Күлгеніңді көрейін тек, қарағым,
“Құдай” мені ашуыңнан сақтасын!)
Тым құрыса, ойлар еді-ау бір түні ол,
Ырық берсе жүрек шіркін кілкіген.
Кейде бірақ жылайды ол, артынша
Сол көз жасын кептіреді күлкімен..
Бір аулада тұрды осындай үш адам,
Бір қолдың үш саусағына ұсаған.
Үшеуі оның – үш дәуірдің куәсі.
Кемпір – кәрі, оған сірә сын бар ма,
Бір күн қосып үш дәуірдің арасын,
Келеді әлі сонау өткен жылдарда.
Бір күн өлшеп тұрды үшеудің санасын
Бірақ олар өзінше ойлап, жұтады,
Әрқайсысы өз кезінің ауасын.
Соғыс қана сау қоймапты ешбірін,
Бәрінің де төлегені – тек шығын.
(Соғыс, соғыс! Ана – жесір, әке – өлді,
Өртенді үйлер – жеңдік бірақ жат елді.
Соғыс, соғыс! Ұлы жердің үстіне
Қанша қырсық, қанша бақыт әкелді)
Бұл үш адам бір аулада болса да,
Бір-бірінен алыс еді соншама.
Үшеуіне бірдей қарап тұрды күн,
Сол күн үшін сыйлады олар бір-бірін.
Бір Алматы – үшеуінің мекені,
Үшеуіне жалғыз көктем жетеді.
Тек үшеуі – үш өңешпен жұтады
Жеміс берсе алма ағаштың бұтағы.
Сонысымен асырды олар қадірін.
Сонысымен... ұтады.
Балауса – қыз келе жатса су алып,
Кемпір байғұс қарайтұғын қуанып.
Қарайды кеп...
Осы қызды әр күні
Сүйсінудің қызуымен шарпыды.
Ал, кейде бір мынау кәрі жүзде, алыс
Оянатын болар-болмас қызғаныш.
Қарайды ана, қарайды оған тағы да,
Өтіп кеткен өз дәуренін сағына.
Осы қызға әр қараған сайын ол
Бір саяхат жасайды жас шағына.
Ойы қандай мынау керең адамның?
Әзірінше жұмбақ нәрсе маған бұл.
Сонда-дағы... біле алмаған әлі ешкім
Адамдардың құпиясына әуеспін.
Құпиясын өзі айтса егер ол маған,
Ұстамаған болар еді қол қалам...
Нені ойласа – оны ойласын, мен мұны
Көшіремін өлеңіме ендігі.
7
Кетпен жатыр сол есіктің алдында
Керең отыр терезеде,
ал мында
Сол қыз жүрді бұлт-бұлт етіп кір жайып
Секілденіп толқындағы бір қайық.
Кетпен тұрды бұрылыста сүйеніп,
Керең тұрды ойға тола тиеліп.
Кетпен жатыр үй алдында шалқалап,
Керең отыр қорғасын-ой арқалап.
Жас сұлу жүр тағы да сол кір қағып,
Ту сыртында қос көкшіл көз тұр жанып...
8
Керең кенет күбір етті – не деді?
Оқыс бұрып оңтайсыздау денені
Жылдам басып үйге кіріп келеді.
Кірін жайып, қыз да кетті үйге еніп,
Бір үнсіздік шалқып тұрды күй болып.
Қызыл көйлек... сонда қызыл тамшы ағып
Бүкіл аула тұрды сол сәт тамсанып.
Көйлек-тағы ойлар ойлап не түрлі
Егіліп кеп жылап тұрған секілді.
Енді... енді қызыл көйлекте жаңағы
Қос көкшіл көз бір-бір шоқ боп жанады.
Қос ұшқын-көз қойып кетер секілді.
Қойып кетсе – ойып кетер секілді.
Келесі сәт ойша пішіп тұл-көңіл,
Бос көйлектің ағытты ойша ілгегін.
Әлденені үлкен қолдар шеңгелдеп,
Әлденеге жетті көңіл телмеңдеп.
Қызғылт көйлек құлпырады сәулемен,
Мен дайынмын, кел-кел деп.
Қай биікке шығып кетті бұл көңіл?! –
Қайта салды ол ағытқан көп ілгегін.
Естіді ол кенет... көкті жаңғыртып
Әлдекімнің сақылдап кеп күлгенін.
Жо-жоқ керең... естімейді ол тіпті,
Бір шараптың қуатымен елтіпті.
Ой адасып тұманында нәпсінің,
Бір сезімнің ыстығымен ентікті.
Сонсоң... сонсоң қалжыраған көзбен жай,
Бір қарады: айтылмайтын сөз қандай!
Өртеп кетті, өз-өзінен жаншылып,
Сезім уын гүлге септі тамшы ғып.
Енді бір сәт... өлі-сыйқыр көйлекті
Алдына әкеп, “тірілтіп” ап сөйлетті.
Тағы, тағы... кетіп еді бой балқып,
Басқа бір жай тастады оны ойлантып...
Кейде керең күнге күйіп түнеріп,
Жүруші еді сол аулаға гүл егіп.
Түрлі түсті гүл егеді қол мына
Әрбір күрек топырақтың орнына.
Кейде ыза боп, шабыттанар не көңіл
Оқығандай соңғы жазған өлеңін.
Гүл ұстаса ол – ұстағандай болатын
Әлгі қыздың күрең-қызыл көйлегін.
Гүл егеді, ексе-дағы кім үшін,
Тамшы тері-мен қосады тынысын!
Жерге – ертеңгі өмір үшін белсенді
Егеді ол махаббатын ең соңғы...
Тап сол сағат... көрші бөлме... айнада
Миығынан күледі қыз жай ғана.
“Әнеу күні-ақ бұйралатқан шаш қара”
Тап осыған ұсап туған бір оймен
Алақанын ақ бұғаққа тірейді ол.
Содан кейін тез ұмытып бұл жәйді,
Бір ән салып – оны өзі тыңдайды.
Әрі қойып, бері қойып айнаны,
Шашын ақыр қызған сыммен байлады.
Атып тұрып, бұлтыңдатып бөксесін
Бір қимылға салып көрді қайдағы –
Еш уақытта күтпеп еді тап мұны:
“Мына жұртқа сұлулықтың жоқ құны!”
Бұртитты аузын, кейітті ме кім білсін
Денесінде өзгерістің жоқтығы.
Түк таппады – жұрт не десе о десін, –
Қазып көріп тырнақтың да көбесін.
Бір жымиды алдындағы айнаға
Түгел тінтіп болғаннан соң денесін.
9
Ей, сұлулық! Қазынамен сендегі
Толтырар ем мынау шағын бөлмені.
Амал қанша: өзгеге бай табиғат
Маған оның жұрқасын да бермеді.
Бұлтартпайды бұл жүректі матап ап
Бір салқындау Сұлулық пен махаббат.
Сұлулық пен достық егіз – екі есім,
Бұл дүниенің бар қарымын өтесін.
Кейбір кезде жылылықтың жердегі
Бәрін қосып махаббат деп кетесің.
Гүл өскенде төсін жарып тастардың,
Мен сонда бір өмір болып басталдым.
Жыр іздедім жүрегінен темірдің,
Миығынан күлкі көрсем аспанның.
Еркін ағып кетпей жатыр жыр әлі
Секілденіп Алатаудың бұлағы.
Көктемдер мен махаббаттың тұрағы –
Жасыл дала жанарыма тұнады...
Сұлулықты көрген сайын, өз елім,
Саған деген махаббатым сеземін!
Ей, сұлулық! Сенің атың сүйкімді
Құйылады музыка боп бір түрлі.
Маған біткен екі көз бен құлақ та
Сұлулықтың ыдыстары сияқты.
Сұлулық та өтеді ғой – қиын-ақ,
Құлақтарда бір ғажайып күйі қап.
Сұлу көрсем – байып қалам, ажарын
Қос жанарға сыйғанынша құйып ап.
Құлағымда мың құбылып толқыды үн.
Теңіз-үннің: жағасында мен тұрмын.
Селт етіп бір қарағанға не жетсін.
Сыңғыр еткен үнін естіп шолпының.
Ал, құлағы жоқ адамдар кеш білді
Құлақ емес, екі көзбен естуді.
Көзі олардың нені көрсе үлгеріп,
Сезім оған үлгереді үн беріп...
Сондықтан ол естіп жүрді, бұл керім
Көрші қыздың сыңқылдап кеп күлгенін.
10
Ақ шашты ана – ескі жолдың тармағы,
Тармақ әкеп жаңа жолға жалғады.
Аштық, азап, күйік, қаза, таршылық,
Таршылықпен көктеп еді әр шыбық.
Осы жолмен шұбырыпты қайғы да, –
Әлі жатыр қоңырайып сай мына.
Жетіпті әрең бұл күнге жол жіптей боп,
Тармақтардан айырыла-айырыла.
Бүгін – баймыз, айтпасақ та жетеді,
Сол жол бүгін – ана болып кетеді.
Сол күндердің анаға еткен, “еңбегі” –
Қиық шытты қалдырмайды жердегі,
Қиқым-нанның обалынан қорқады,
Жамау тікпей отырмайды қол тағы.
Ал, ұлы ше? – Бұл-дағы бір тармақ жол,
Сол жолға түс, біраз жүріп барған бол.
Ер атағын жер-әлемге жайған бұл
Окобына көз тастасаң майданның.
Баяғыда-ақ өліп кеткен жоқшылық,
Басына оның тұр бір уыс шөп шығып...
Одан бері өткен күн де бұл көрген
Сарғыш бетті естелік боп үлгерген!
Бірақ жылып үлгерген жоқ іш әлі, –
Сонда өзі де тас мүсінге ұсады.
Бұл жалғыз ед, екеу болып жүрсе де,
Бұл жалғыз ед, нешеу болып жүрсе де.
Сөйледі ол айдалаға, бірақ та
Қайтқан жауап естілмейді құлаққа.
Кімде-кімнің естімесе құлағы
Бұл әлемде ол жапа-жалғыз тұрады! –
Жо-жоқ бізде болмақ емес тіпті олай,
Жалғыз болар кейде бұлттан шыққан Ай.
Адам жалғыз бола ала ма мына елде –
Қабағыңды аш,
Қайсар досым,
түнерме.
Керең жалғыз болар еді,
көзі оның
көрмесе егер өз ортасын, өз елін.
Соқыр жалғыз болар еді, бір елі
Ажыраса өз елінен жүрегі.
Сене қалсаң жалғыздық бар дегенге
Ол жалғыздық – ұйқасы жоқ өлеңде...
* * *
Қыз да өзінше жол секілді бір тармақ,
Сұлу дейді қыз көңілін жұрт алдап.
Үйренсе егер әйелдердің қулығын
Қыз да өзінше жол секілді бұлтармақ.
Бұл да өзінше әзіл ғой бір, солай ма?
Жүзіңді көр, сыйлап тұрмын қол-айна.
Сүйкімділік... сүйкімділік жасасын,
Бұ заманда сұлу болу – оңай ма!!!
11
Кетем деді бір күні қыз үйге кеп,
Содан кейін ол-пұлдарын сүйрелеп,
кетем деді, қайда деген сұрақты
ешкім оған бермеген де сияқты.
Кемпір бір сәт омырайып тұрды да
Үй алдына шөге кетті бұрлыға.
Керең тұрды – шошынып өз-өзінен
Әлденені күтіп үрей көзімен.
Дүниеге болса да қыз жарлы бұл
Сыймай кетті жиған кезде барлығын.
Осы кезде иті кіріп көршінің
Жалап жатты табақтағы ас қалдығын.
Аттанды қыз, шықты, әне, ауладан,
Бірге шықты әйнек-күлкі, қайран ән.
Үй алдындағы алма ағашы манағы,
Ауық-ауық басын изеп қалады...
...Үш жол еді, бірі кетті алға асып,
Ал, екеуі қалды үзіліп, шаң басып.
Үш әңгіме – ескірсе де екеуі,
Біреуі енді... бұзып-жарып өтеді...
Керең тұрды алға екі-үш аттап,
Алдындағы бос ауаны құшақтап.
Ол – тірлікте тағы да бір жеңілді,
Тұрды сол сәт тас-мүсінге ұсап қап.
Жүзіне оның үңілді ана – не білді?
Кенет... кенет қатты шошып шегінді...
Табылар ма осыны ұғар жан емге,
Осынау бір көңілді, кең әлемде,
Керең тұрды қыз басқан ізді аймалап, –
Өй, тағдыр-ай, мұның сенің қай мазақ?!
Ал көшеде шал қутыңдап, жас ойнап
Алматының жазы жатты масайрап.
Гүлдер жүзін сыйпап өтсе күй желі,
Шуақ ерні ұмсынады сүйгелі –
Кім сүйдірер? Алғашқы ма, соңғы ма
Бұл сұрақты қалдырамын орнына.
Өлеңнің де осы шығар біткені,
Бұл бітпесе – басқасынан күт мені.
Қоям енді жұдырықтай нүктені.
1964