1
Білетінім әйтеуір анық менің:
білмеуші едім мен онда «әліппені».
Білетінім әйтеуір: қарт әкемнің
қуанғаны бір сурет алып келіп.
Есімде жоқ сонда оның не дегені,
Сөзге о кісі, деседі, шебер еді;
шеберлігі сол шығар: суретті әкеп
Шеген үйдің пешіне шегеледі.
Әкелгенін көрмеп ем бұрын сурет,
сол суретті әкелді бірінші рет:
Желкесімен балтаның шегелеп ап,
«Үлкен кісі» деп қойды күлімсіреп.
Қарады қырын тұрып, қиыс барып,
Қиыс қалған бұрышын дұрыстады.
Суретке қарап алып,
есімде әлі:
Өз сақалын уыстап бір ұстады.
Сияқтанып аңыздың дана адамы,
Сиынғандай – суретке қарағаны.
«Үлкен кісі» деп қойды,
содан кейін:
таспиығын іргеден санады алып:
Тілек пе, әлде, білмедім,
талап па бір,
Күбірледі суретке қарап тағы.
«Үлкен кісі» деп қойды,
судыр-судыр...
Сарғыш тартқан құранын парақтады.
Сүйді ме онда, кім білсін, сиынды ма,
баға беру дәл қазір қиын бұған:
Мезгіл деген қайшы ғой,
естелігің
ұқсайды екен ұп-ұсақ қиындыға.
2
«Үлкен кісі» еңсе боп, иық боп бір,
Шеген үй сонда біраз биіктепті...
Амал не, пешке қаққан суреттің сол
Қағазы сап-сары боп күйіп кетті.
Сөйлесе мәтелдете, мақалдата
Қойып ап өткір сөзді қатар-қатар,
Қалай, мен айта алам ба дегендей боп,
қарайтын пеш жаққа бір сақалды атам.
Сол сурет дала-маңдай, самал-қабақ
Әкепті ғасырға ырыс, заманға бақ.
Қарт әкем соған қарап ас қайырып,
намазын оқып жүрді соған қарап.
Әйтеуір, сол суретке қарай-қарай,
бәріне сенді әкеміз абайламай.
Кедейге үміт болды сурет осы,
Кербезге болды бейне шар айнадай.
Сенім ғой,
Шіркін сенім!
Сенім осы
Кемімесін, іләйім, кемімесін.
Сене алмасаң өзгеге – ұяласың,
Өзіңе сене алмасаң – жеңілесің.
Кеудеде болады ғой мен деушілік,
Қайратың талабыңнан кемдеу шығып.
Оқа емес күштің азы сенім барда,
Кет әрі, күдікшілдік, сенбеушілік...
Сенімді болады екен құдірет десе,
Қайтпайтын адам үшін бір беттесе:
Құдайға да күдікпен қарайтын қарт
сенді, әйтеуір,
сенді ғой суретке сол.
Нең рас, сезетін қарт, нең өтірік,
Кей кезде айтысатын өре тұрып.
Әкемді дауласқандар
жеңе қалса
«үлкен кісі» айтты деп жеңетұғын.
3
Содан кейін... есімде анық менің:
ең алғаш ашқан күнім «әліппені».
Ақжүніс апай біздің қалды ойланып,
Класқа бір суретті қағып көріп.
«Қайсысың айтасыңдар, бұл кім», –
деді,
Қол көтерді, ешкім де іркілмеді.
Иегі дірілдеді біреулердің,
танауы біреулердің бүлкілдеді.
Сәбидің санасымен бір тең бе ісі,
сананың келді мақтан бүркенгісі:
сен айтшы дегізбей-ақ атып тұрып
«Үлкен кісі» деп салдым,
«Үлкен кісі!»
Ду етіп күлді бәрі,
Күлкі кетті
Кластан шіл ұшқандай дүркіреп бір.
Күлкіге араласып шу мен дүбір
тып-тыныш класты бір сілкіп өтті.
Кластың іші тұрды көктеңбіл боп,
ду етті екі құлақ бетпен бірге.
Сақылдап күлді бәрі, күлді бәрі,
күлмеді апай ғана көппен бірге.
Тау қайтты бірінші рет,
Суынбас кім,
Сонда-ақ мен көңілімнің буын бастым.
Гуледі: «дұрыс емес!»
«дұрыс емес!»
Мен айтам, мен айтам, – деп шуылдасты.
Сол қырсық: «дұрыс емес» деген жалғыз,
Күдік боп көкіректе содан қалды із.
«Дұрыс емес» дей ме деп қорқам әлі
Күй тартқыз,
тост көтерткіз,
өлең жазғыз.
Оғаштау өтті, сездім, бір іс тегі, –
гуледі класс,
апай кіріспеді.
Аяды-ау деймін мені ұстаз байғұс,
бір кезде: сенікі де дұрыс деді.
4
Жаздық біз тақта сүртіп, қағаз ашып,
Қатемізді өшіргішпен тазаласып.
Жаздық біз сол есімді,
Көргеміз жоқ
Содан соң жаңсақ айтып,
жаза басып.
Сабақты айтып жүрдік ұша тұрып,
«бестік» боп,
«екі», «үш» боп «ұсатылып».
Неліктен, – ұғындық біз –
бас әріптен
басталып жазыларын кісі атының.
Әр есім, әр сөзге мән-мазмұн беріп,
Ой дәнін ұстаз шықты аз күнде егіп.
Ал, қазір отырасың
Кей есімді
кіші әріптен бастап-ақ жазғың келіп.
Жаздық біз бас әріппен сол есімді,
Сезімді мақтаныш ой, елес ұрды.
Үлкенге сүйенді ел соған қарап,
баласын соған қарап ел өсірді.
Үйрендік сөз жазуды,
баста алға, күн,
Сөздердің әріп екен баспалдағы.
Сол сөзді, сол есімді
осы күндер
шығып жүр космосқа, аспанға алып.
Сол адам... дала-маңдай,
самал-қабақ
екен ғой ғасырға ырыс,
заманға бақ.
күлмес ем ел қартына бүгін де мен
намазын оқып жатса соған қарап.
Көңілді соған қарап құс етемін,
Соған қарап қанағат-мүсе етемін.
Қарт әкем дәл айтыпты:
Сол кісінің
Дүниедегі ең «үлкен кісі» екенін.
Сенім ғой!
Біздің ел шын сенім елі,
Ол сенім кемімейді –
Кемімеді!
Өзгеге сенбегендер – ұялады,
Өзіне сенбегендер – жеңіледі!
Бере алам бүгін жауап бір адамға:
«Үлкен кісі» дер едім сұрағанға.
Ильичтің суретін көрген сайын
таспиықты қарт әкем тұрады алда...
1970