Бір қарамай өте алмады жан-адам,
бір сүйсінбей кете алмады және оған:
Сыпайы гүл иіледі бәріне
Әкім болған кісі құсап жаңадан.

Айдарымен ақ көбелек ойнады,
кекілімен көк көбелек ойнады.
Шұлғығанын – шу, думан ғып жіберді,
Жымиғанын – жеті дүркін тойлады.

Қошеметке асып-тасқан жоқ бірақ,
әдепті гүл Аяз бидей бопты нақ.
Жасқаншақтау болатұғын өзі де
Желді күні маңдайымен көп құлап.

Сыпайылар – қиялшыл ғой,
бір түні ол
арылғасын мақтау, мазақ,
                                      күлкіден,
арман аңсап алыс-алыс ой кешті,
дәл былайша ойлады гүл ілкіде:

«Қызыл гүлге қызықпайтын жоқ кісі,
солдат емен өлетұғын оққа ұшып;
Қаңғып келіп қағып кетіп жүрмегей,
біреулердің асыранды тоқтысы».

«Қызыл гүлге қызығады қыз әлі,
гүл базары әлі, әлі қызады.
Тіміскіп кеп тиіспесе екен тек
біреулердің арқандаулы бұзауы».

«Қызық кештер, қыз-жігітті масықтыр,
біздің жаққа, біздің жаққа асықтыр.
Тоқты-торпақ ауызында кеткенше,
қолтығында кетейін бір ғашықтың».

«Ақтарыла әзіл айтып әр тұстан,
Шарап ішіп, шабыт тауып шалқысқан,
айналайын көп ақынның біреуі,
келіп қалған шығар бәлкім алпысқа?!»

«О, онда мен...
                 Мына мен ше?
                                  Мына мен
Құлпырар ем қасиетпен, кінәмен,
Сол ақынның жанарында жанар ем,
Сол ақынның құшағында тұрар ем!»

«Атағым бар Тау, Теңіздей –
                                          білгізді ой –
Тау! Теңіз! Гүл!
                      Кім атақты, кім біздей!
Тауды асап,
               ұрттамайды Теңізді,
бірақ ешкім той етпейді гүлді үзбей».

Шарап тартып,
                   шабыт тауып шалқысқан,
Жаңа-жаңа жырлар оқыр әр тұстан,
дәл сол күні егескендей ант ұстап,
ақындардан келмеді ешкім алпысқа.

Дәл сол күні жас жігіттер қыз аулап
бата алмапты өз жарынан ұзауға.
Жіп-арқанды шешіп алып шешелер, –
енесіне қосылыпты бұзау да.

Дәл сол күні жалау еткен жыр атын,
Қайтыс бопты отыздағы ірі ақын:
Қарасына сойылыпты тоқтышақ
бір балконға асырау боп тұратын.

Дәл сол күні қырқылды да қызыл гүл,
венок болып, жыр сықылды, қызулы,
Жастанысып жас топырақ-қабірді,
Жас ақынның зиратына тізілді.

Гүл арманы көп өлшеген, көп пішіп,
Күйіп кетті өлім деген от түсіп.
Кекілінен көк көбелек кетті ұшып,
айдарынан ақ көбелек кетті ұшып...

1969